"Бәйтерек Development" АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Бақыт Жақсыбаев тұтқындалы. Бұл туралы жемқорлықпен күрес ұлттық бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап "ҚазАқпарат" ХАА хабарлайды.
Осы іске қатысты мәліметтерден белгілі болғанындай, аса ірі көлемде пара алды деп айыпталған "Бәйтерек Development" АҚ-ның лауазымды тұлғаларына қатысты факті бойынша, қылмыстық схеманы ұйымдастырушылардың бірі – бұрынғы басқарма төрағасы, қазіргі таңда ҚР Ұлттық экономика министрлігінің "Қазақстандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамыту мен жаңғырту орталығы" АҚ-ның басқарма төрағасы Б.Жақсыбаев тұтқындалды.
"Бақыт Жақсыбаев қылмыстық әрекетке қатысушылардың барлығының әрекеттеріне жетекшілік етіп, олардың арасындағы рөлдерді бөліп, алатын параларының мөлшерін бекітіп отырған", – деп түсіндірді жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосының өкілдері.
2016 жылдың 30-қарашасында аталған азаматқа қатысты Алматы аудандық №2 сотының санкциясы негізінде "қамауға алу туралы" шара қолданылды.
Айта кетейік, осыған дейін аудандық соттың санкциясы негізінде "Бәйтерек Development" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жақыпов, Мемлекеттік және жекеменшік серіктестігі дирекциясы департаментінің жетекшісі Айтымбетов, бұрынғы және қазіргі басқарушы директорлар Анарбай және Сариев, "Project City Group" ЖШС-нің жетекшілері Смағұлов, Есмұқанов, Жұманазар мен Комаров тұтқындалған болатын. Аталған азаматтардың барлығына "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының аясында өңірлерде жалға берілетін тұрғын үйлерді құрылысын жүргізу үшін қажетті мемлекеттік қызметтерді сатып алу кезінде құрылыс компанияларына басымдық бергені үшін жүйелі түрде аса ірі көлемде пара алды деген айып тағылып отыр.
Осыған дейін хабарланғанындай, 13 кәсіпорын тартылған қылмыстық схема республиканың барлық аймақтары: Орал, Көкшетау, Ақтөбе, Тараз, Талдықорған қалалары бойынша жүзеге асырылған.