Бүгін Жапония мен Қазақстанның экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметтік және жеке меншік секторларының біріккен комиссиясының отырысында "Самұрық-Қазына" АҚ активтерді жекешелендіру және қайта құрылымдау департаментінің директоры Дәурен Тасмағамбетов баяндама жасады.
Жапонияның бизнес қауымдастығы алдында Жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асырудың ұстанымдары туралы айтқанда, ол "Самұрық-Қазына" АҚ үшін инвесторлардың тең құқықтары және үрдістің жариялығы басты назарда екенін атап өтті.
"Жеке инвесторлардың компаниялардың капиталына қатысуы ҚР үшін әр тараптан тиімді болмақ. Соның ішінде, компаниялардың жариялығы мен
тиімділігі деңгейінің көтерілуіне, жаңалықтардың қолжетімді болуына, басқару технологияларының және компанияларды дамытуға қажетті капиталдың трансфертіне, Қор активтері құрылымын оңтайландыруға, шағын және орта бизнесті, жалпы қаржы институттарын да дамытуға септігін тигізеді", – деді Қор өкілі.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) енетін елдердің көбі жекешелендіруді жүзеге асырып үлгерді.
Осының арқасында мемлекеттің экономикаға аралсуын азайтып, жеке меншік капитал нарығына жол ашты. Мәселен, бүгінше Польша және Германияда жалпы ішкі өнімді (ЖІӨ) қалыптастыруда мемлекеттің үлесі 13-14%-дан аспайды. Ал Канада және АҚШ сынды елдерде, бұл көрсеткіш небәрі 3-6% деңгейінде. Қазақстан эколномикадағы мемлекеттің үлесін 70%-дан ЭЫДҰ елдеріндегі орташа мөлшерге ЖІӨ 15%-ға дейін төмендетуді көздейді.