2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша екінші деңгейлі банктер, микроқаржылық ұйымдар және коллекторлық агенттіктер бойынша борышкерлердің жалпы саны 1 млн 520 мың адамнан асты.
"Бір қызығы, микроқаржылық ұйымдар несие портфелінде төлем уақыты 90 күннен асқан борышкерлердің саны 38 пайызды құрап отыр. Осы 555 мың қарыз алушы, яғни 10 қарыз алушының 4-еуі несиесін кешіктіріп төлейді деген сөз. Тұтастай алғанда, МҚҰ қарыз портфелін жасанды түрде төмендету мақсатында коллекторлық агенттіктерге мерзімі өткен несиелерді сататынын ескеру қажет. Сәйкесінше, іс жүзінде МҚҰ-ларда мұндай борышкерлер саны әлдеқайда жоғары", – дейді Юрий Ли.
Сонымен қатар қарызын уақытылы қайтара алмағандар МҚҰ-лардан жаңа жеңілдетілген төлем кестесін алу үшін делдалдардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Желіде мұндай ұйымдардың жарнамасы жетіп артылады.
"Неліктен борышкер несие берушінің өзінен мұндай кестені тегін ала алмайды? Шамасы, МҚҰ-ға жүгінсе олар жаңа кесте алу жолын күрделендіріп жібереді", – дейді мәжілісмен.
Сондықтан Юрий Ли бастаған депуттар тобы микронесие берудегі заң бұзушылықтарды анықтау үшін 90 күннен астам кешіктірілген қарызы бар МҚҰ-ның барлық 555 000 борышкерлеріне, қарыздары коллекторлық агенттіктерге берілген борышкерлерге арнайы тексеру жүргізуді ұсынды. Бұған қоса коллекторлық агенттiктердiң жарғылық капиталы банк шотында сақталуы керек деп есептейді.
"МҚҰ проблемалық қарыз алушылармен жұмыс істеудің ашық және тиімді тәртібін жедел енгізуге міндеттелсін", – деген ұсыныс айтты депутат.