10 айдың қорытындысы: кісі өлтіру азайғанымен, ұрлық көп

1897

10 айдың қорытындысы: кісі өлтіру азайғанымен, ұрлық көп

Орталық коммуникациялар қызметінде "Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы" және үстіміздегі жылдың 10 айындағы еліміздегі қылмыстық жағдайға арналған брифинг өтті. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрайымы Сәуле Айтпаева есепті кезеңде еліміздегі жалпы қылмыс деңгейі жағдайы 6 %-ға төмендегенін айтты, деп жазады egemen.kz

Келтірілген мәліметке қара­ғанда, елімізде аса ауыр қыл­мыстар – 11,4 %-ға, ауыр қылмыстар –  4,5 %-ға, және ауыр емес қылмыстар саны 27,9 %-ға кеміген. Тарқатып айтқанда, кісі өлтіру – 4,1 %-ға (729-дан 699-ға), денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 3,4 %-ға (1 914-тен 1 848-ге) және тонау 10,5 %-ға (10 435-тен 9 342-ге) азай­ған. Сол сияқты қарақшылық – 9,3 %-ға (731-ден 663-ке), бопсалау – 16,3 %-ға (601-ден 503-ке), алаяқтық – 17,4 %-ға (34 022-ден 28 093-ке) және бұзақылық 36,9 %-ға (20 626-дан 13 024-ке) төмендегені бел­гілі болды.

Өкінішке қарай, ұрлық саны 6,3 %-ға (174 617-ден 185 697-ге), ал пәтерлерден ұрлау 22,4 %-ға (31 454-тен 38 501-ге) артып кетіпті. Сондай-ақ, жұ­мыссыздар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 70 223-тен 79361-ге (13 пайыз) арт­қандығы да аталды. Әсіресе, кә­мелетке толмағандар жасаған қыл­мыстар – 14,3 %-ға (2266-дан 2589-ға), ал алкогольдік және есірткілік заттарды тұтынудан мас күйінде жасалған қылмыстар саны 15,8 %-ға (14 274-тен 16 531-ге) жоғарылаған.

Жол-көлік оқиғалары ағым­дағы жылы 4,7 %-ға кеміген көрінеді. Зардап шеккендер мен жарақат алғандар саны 6,5 %-ға, ал адам өлімі 4,4 %-ға төмендепті. Жалпы, жол-көлік апатының 90 %-дан астамы жүр­гізушілер кінәсінен болады екен. Соның ішінде жүр­гізушілердің алкоголь немесе есірткі заттарын пайдалануынан мас күйіндегі 505 фактісі тір­келген. Комитет барлық әкім­шілік құқық бұзушылықтар туралы да есеп жүргізетіні аталмай қалмады.

С.Айтпаеваның айтуынша, үстіміздегі жылы елімізде 3,4 млн әкімшілік құқық бұзушылық тір­келіп, сол үшін 2,5 млн адамға айыппұл салынған. Өздерінің әрекеттері үшін құқық бұзушылар ел бюджетіне 29,4 млрд теңге төлесе, бұл салынған әкімшілік айыппұлдардың 59 %-ын құрайды екен. Бұған өткен жыл­дардың айыппұлдары үшін төленген 8,4 млрд-тан астам теңгені қосуға болады. Ал 50 %-дық жеңілдік құқық бұзу­шы­ларға шамамен 7 млрд тең­гені үнемдеуге мүмкіндік берді. Алайда, соның ішінде жылдар бойы қасақана төленбеген бірнеше айыппұлы бар борышкерлер де кездеседі екен.

С.Айтпаева брифингте "Коми­тет – әрбір үйге" жобасын іске қосқандықтарымен де бөлісе кет­ті. Бұл ретте, комитет төр­ай­ы­­мы жоба сатып алайын деп отыр­ған үйіңіз орналасқан аумақ­тың қауіпсіздігін алдын ала білуге және кейін сатқанда да оңай болуы үшін ол жердің қаншалықты тыныш екендігін анықтауға мүмкіндік беретінін де айтып өтті. Ал ата-аналар болса балаларының мектепке баратын ең қауіпсіз жолын таңдап ала алады екен. Жалпы, осы жылдың шілде айында Ақпараттық сервисті күніне 6 мың адам қараса, қазан айында ол көрсеткіш 13 мыңға жеткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу