100-ге жуық жұмысшы ақысыз демалысқа кетуге мәжбүр

483

Ал Таразда автогаздың жоғынан газ құю бекеттері құр тұрған қондырғыларға қарауыл ғана болып жүр. Себебі, түссіз отын 2 айдан бері тапшы. 

100-ге жуық жұмысшы ақысыз демалысқа кетуге мәжбүр

Бекет басшылары жыларман жағдайға Энергетика басқармасын кінәлайды. Айтуларынша, шикізат не шектеледі, не шеттетіліп беріледі. Бүйте берсе, бір күні барлық бекет жабылып тынады деп күйінеді. 

Энергетика саласындағы кәсіпкер Гүлжан Башығұлованың өңірде 25 газ құю бекеті бар. Қазір 20 стансасын жауып тынған. Ол аздай 70-ке тарта жұмысшыны қысқартыпты. 

"300 тоннадай алушы едім, соны бірден 150 тоннаға қысқартып тастады. Ешқандай негізсіз, облыста газ жоқ деп. Ал енді кейбір компаниялар бар, мысалы менде 25 азс болса, облыста менімен қатар 30-45 АЗС тері барлар бар. Олар мың тонналап алады. Сонда әділеттілік қайда бұл жерде?", дейді Газ құю стансасының директоры Гүлжамал Бажығұлова. 

Тапшылық салдарынан бүгінде онға жуық газ бекетінің берекесі кеткен.  Сондықтан базынасын білдіруге басшыдан бөлек, жұмысшылар да шықты.  

Жанайқайын жеткізген 20-ға жуық жұмысшы жағдай қашан оңаларын білмей дал. 

"Қазір мен ақысыз демалыстамын. Айлық жоқ, жұмыс жоқ мысалға. Өйткені мен таситын газ жоқ. Бір ай болды менің демалысқа кеткеніме. Ертең тағы бір айға кетемін, сол кезде менің бала-шағамды кім бағады?", дейді Көлік жүргізуші Әлімжан Баймаханов.

Ірілі-ұсақты бекет басшылары автогаздың 50 пайызын небәрі 3-ақ фирма алады дейді. Тиісті энергетика басқармасы тең бөлмей, әрекетімен өзгелерді алалап отыр деп күдікті. Жалпы өңірде 30-ға жуық газ бекеті бар десек,  соның 20-да дерлік жағдай ұқсас.  

"Ай сайын 200 тонна беретін еді. Қазір энергетика министрлігі қысқартып тастаған. Қазір айына 55-60 тонна береді. Соның өзі жетпей жатыр. Халық сіздер әдейі бағаны көтеру үшін істеп жатсыздар дейді", деп ашынды "Аралгаз" ЖШС өкілі Ержан Әшіров.

Шаһарда темір тұлпар тізгіндегендер де  газ таппай, табан тоздыруда. Талонның өзі шектеулі дейді. 

Ал Энергетика басқармасы бекеттерге газ беруде "бөлу" дегенді  жоққа шығарды. Түссіз отын министрлік бекіткен кестеге сай үлестіріледі екен. Мұнда сақтау қоймасының болуы, сатылым деңгейі сынды талаптар бар. Газ бөлінгенде бұл бағыттар басымдыққа айналады. 

"Бұл бойынша атамекен топливный ассоциациямен бірлесіп, ұсынысты беріп жатырмыз. Жақын арада энергетика өз бұйрықтарына өзгерістер енгізуді жоспарлауда. Сол кезде айтқан ескертпелер енгізілген кезде тек қана көтерме сауда есептеуді алған кезде бұл кісілерге көбірек бөлінеді деп ойлаймыз", дейді Жамбыл облыстық Энергетика басқармасының бөлім басшысы Мәулен Қожақов.

Жалпы осы айға 5100 тонна әлеуметтік газ қаралған. Мамандар келер айда Тараздағы тапшылық өзге аймақтарда да болады деп болжайды. Өйткені наурыз айында Шымкенттегі газ өңдеу зауыты күрделі жөндеуге жабылмақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу