Сенат "Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру жобасы) ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жобаны іске асыру мерзімі – 2025-2027 жылдар. Болжам бойынша, осы кезеңде жоғары жылдамдықты интернетке 1123 ауылдық елді мекен қосылады. Жобаны іске асыру тең қаржыландыру есебінен қамтамасыз етіледі: 50 пайыз – Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің 42 млрд теңге көлеміндегі қарыз қаражаты, 50 пайыз – жеке серіктестердің бірлесіп қаржыландыруы. Бір кіші жобаға берілетін субсидияның ең жоғары сомасы – 500 мың доллар", – деді сенатор Бибігүл Аққожина.
Оның айтуынша, жоба халықаралық стандарттарға сәйкес қатаң іске асырылатын болады. Атап айтқанда, отандық байланыс операторлары арасында ашық конкурс өткізіледі, тек қаржылық тұрақты, кемінде 350 жеке абоненті бар компаниялардың қатысуы көзделген.
"Бүгінгі таңда Қазақстанда 6179 ауылдық елді мекен бар, оның ішінде 43 пайыз талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қол жеткізе алады – ең сапалы және тұрақты технология. Оның ішінде 1123 ауылдық елді мекенде Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру жобасы бойынша үй шаруашылықтарына дейін оптикалық желі жүргізілетін болады. 31 пайыз тұрақты жылдамдық пен сапаны қамтамасыз етпейтін ADSL (мыс желілері) арқылы қосылған. 26 пайыз тіркелген кең жолақты қатынау мүлде жоқ, оның ішінде 1049 ауылдық елді мекен – мобильді интернетке де, тіркелген байланысқа да қосылмаған", – деді депутат.
Сенатор жағдай қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті көрсетіп отырғанын баса айтты.
"Ауылдық елді мекендердің төрттен бір бөлігі заманауи цифрлық байланыс технологияларымен қамтылмаған. Бұл олардың білім, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызметтерге және экономикалық мүмкіндіктерге қол жетімділігін шектейді", – деді ол.
Келісімді ратификациялау:
- 1123 ауылдық елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетке қосу есебінен қала мен ауылдық өңірлер арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға;
- цифрлық инфрақұрылымды дамыту арқасында өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға;
- тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, бұған дейін елдегі 1049 ауыл әлі күнге дейін интернетсіз отырғанын жазған едік.