18 шаршы метрге бір адам. Көші-қон қызметі тіркеу туралы заңды тездетіп қабылдауды сұрайды

408

Қазір қалада 1 млн 400 адам тұрса, күнделікті келіп-кететін 250 мыңы тағы бар.

18 шаршы метрге бір адам. Көші-қон қызметі тіркеу туралы заңды тездетіп қабылдауды сұрайды Фото: Inbusiness.kz

Елімізде тұрғын үйге 1 айға тіркеуді 10 мың, 1 жылға 120 мың теңгеге сатып алуға болады. 1 пәтерге 100 шақты адамның тіркелуі ішкі миграцияның шешілмей келе жатқан проблемасына айналғалы қашан. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын елордадағы шағын ғана үйлердің бірінде 1700 адамның тркелгені анықталған еді.  Астананың көші-қон қызметі тездетіп 18 шаршы метрге тек 1 адамды тіркеуге болатын норманы қабылдауды сұрайды деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Бұл көлеңкелі бизнестің көзін жоя ала ма?

Елімізде осылай оп-оңай кез келген адамның пәтеріне тіркеуге тұра аласың. Оған заңмен шектеу жоқ. Ақысын төлесең болғаны. Желіде мұндай хабарландырулар өріп жүр. Құны мерзіміне байланысты 1 мыңнан басталып, 15 мыңға дейін барады екен. Бірақ бұл елдің ішкі миграциясына кері әсер етеді. Мәселе әсіресе елорда үшін аса өзекті болып тұр.

"Ішкі миграцияның негізгі проблемасы бір адамға тіркелуге болатын шаршы метр көлемінің бекітілмеуі. Яғни, норманың жоқтығы. Адамдар бөтен адамды пәтеріне тіркесе, 18 шаршы метрге 1 адамды ғана тіркей алатындай етіп шектеу қою керек. Сонда "созылмалы пәтерлер" деген ұғым болмайды", - дейді Астана қ. ПД Көші-қон қызметі бөлімінің бастығы Ербол Махметов.

Ал мәслихат депутаттарының ойынша, мұндай кәсіппен қарапайым тұрғындардың ғана емес, халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің де айналысатыны жасырын емес. Парламентке ұсыныс түспей отырса, бәлкім, заңның жоқтығы біреулерге тиімді болған шығар, дейді депутат.

"Қандай бизнес болды, солай қалды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының маңына барып сұрауға болады. Бір айлық тіркеу 10 мың. 120 мың төле де, бір жылға тіркеле бер. Мұны бәрі біледі. Бірақ қандай шаралар қабылданып жатыр? Ішкі істер министрлінің тарапынан ұсыныс түсуі керек", - дейді Астана қ. Мәслихатының депутаты Ерлан Каналимов.

Десе де тіркеудің саудаға айналуы  үй-күйі жоқ халықтың қалаға қарай ығысуынан шығатын проблема екені анық. Бұл көші-қон қызметіне қиындық туғызып отырған көрінеді. Мәселен, қазір қалада 1 млн 400 адам тұрса, күнделікті келіп-кететін 250 мыңы тағы бар. Ал миграция қызметкерлерінің саны құрылғалы азаймаса, көбеймеген көрінеді. Сондықтан халық санын тым болмаса, осылай реттейік, деп отырғанға ұқсайды. Ал тұрғындардың өзі мұндай шектеуді қалай қабылдайды?

"Бөлмелі пәтерге 50 адам, 20 адамды тіркеп жатқанды естіп жатырмыз ғой. Ол біздің саясатымызды, миграционный санақ, статистиканы бәрін бұзады".  "Жатақханада тұратын мүмкін, квартирада тұратын достарым үшін ол қиынға соғады. Оларды да ойлау қажет". "Көптеген жастарымыздың ипотекамен пәтер алуға жағдайы жетпейді. Сол себептен бір үйде көп кісі тұруға мәжбүр болады. Одан да сол жастарға қандай көмек көрсету керектігін ойлау керек", - дейді қала тұрғындары.

Халық та жетіскеннен қалаға ағылып жатқан жоқ. Сондықтан құзырлы органдар мәселенің түбіне зер салуы керек, дейді мамандар.

"Қазіргі заманның қиындығына байланысты ауылдық жерлерде, аудан орталықтарында тіпті халықтың тұрмысы қиындап кетті. Халықтың бар жиған-тергені азын-аулақ малы болмаса, сол малдың өзін жаятын жерді таппай қиналып жатыр. Соның есебінен бәрібір ол көшу, қалаға қалай ығысу тоқтамайды. Сондықтан оны реттеу керек деп есептеймін", - дейді экономист Исатай Қамбаров.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, көршілес Ресейде тұрғылықты жерін ауыстырған адам 1 апта ішінде тіркеуден өтуі қажет. Заңды бұзған 2 мың рубль айыппұл арқалайды. Сингапурде тұрғылықты жерін ауыстырғаны туралы 28 күн ішінде хабарламаған немесе ақпарат бермегендер 5000 сингапур долларына жуық төлейді, болмаса 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Нидерланд, Германия елдерінде мемлекеттік қызметке жүгіну үшін тұрғылықты жерің бойынша тіркеуде тұруың міндетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу