Жамбыл облысында өткен жылы жәбірленушілердің арыздары бойынша қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 3 қылмыстық іс тіркелген. Ал 2025 жылдың 2 айында 4 қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиевтің келтірген деректеріне сүйенсек, соңғы 3 жылда қаржы пирамидаларының әрекеттерінен Жамбыл облысында 200-ден аса азамат зардап шегіпті.
"Елімізде көпшілікке зиян келтіретін қаржылық алаяқтықтың негізгі түрі – қаржы пирамидалар. 2023-2024 жылдар аралығында тергеп-тексеру барысында департаментпен қабылданған шаралар нәтижесінде қаржы пирамидаларынан зардап шеккен азаматтарға 45 миллион теңгеден астам келтірілген залал өтелді. Департамент келтірілген залалды өтеу және ұйымдастырушылар алған қылмыстық кірісті анықтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Мысалы, "Chia Tai" қаржылық пирамидасының ұйымдастырушыларына қатысты қылмыстық істі тергеу барысында сатып алынған пәтер түріндегі мүлік пен 10 милллион тенгеден астам қаражат тәркіленді.
Әдетте ірі алаяқтық ұйымдар өздерінің қылмыстық схемаларын бүкіл республика аумағында жүзеге асырады. Соңғы мысал ретінде Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің кеңауқымды операциясын келтіруге болады. Операция барысында 2025 жылдың 8-10 ақпан аралығында еліміздің барлық өңірінде тұтыну кооперативінің атын жамылған "Асар Баспана" қаржы пирамидасының заңсыз қызметі тоқтатылды.
Алаяқтықтың жаңа түрлерінен "дропперлік схемаларын" атап өту керек. Осы схемалар бойынша алаяқтар азаматтарға заңсыз қаржылық операцияларды жүргізу үшін жеке банктік карталарын пайдалануды ұсынады. Мұндай схемаларға қатысу қылмыстық жауапкершілікке дейінгі зардаптарға әкелуі мүмкін", – деген Руслан Нұрланұлы қаржылық пирамиданы құру және басшылық ету әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 217-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастыратынын ескертті.