Қазақстан 2020 жылға қарай логистика тиімділігі бойынша халықаралық рейтингте әлемнің ТОП-40 елінің қатарына кіруді жоспарлап отыр.
Бұл туралы ел Үкіметінің кеңейтілген мәжілісінде ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің көлік кешенін дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмысы туралы баяндамасында мәлім болды. Министрдің айтуынша, өткен жылы көлік саласы бойынша ИФО (нақты көлем индексі) 103,8 пайызды құраған. Ал халықаралық рейтингте Қазақстанның логистикалық тиімділігі 88 орыннан 77 орынға көтеріліп, ТМД-да озық деп танылып отыр. 2020 жылға қарай Қазақстан әлемнің ТОП-40 еліне кіруді межелеуде.
Қазіргі таңда қазақстандық әуекомпаниялардың Еуропа Одағы елдеріне ұшуына қатысты барлық шектеулер алынып тасталынған, сонымен қатар ЭКСПО-2017 көрмесіне келетін туристерге қызмет көрсететін авиарейстер санының артуына байланысты Астанада "ашық аспан" жобасын іске қосу жоспарланған.
"Нұрлы жол" бағдарламасының жүзеге асырылу барысына келетін болсақ, бүгінде республикалық маңызға ие 913 км автожолда қозғалыс ашылған, бұл жолдарды салуға 75 мың адам жұмылдырылған. Үстіміздегі жылы 4,4 мың км жолдың құрылысы қолға алынып, оған 100 мың адам тартылмақ. Ал осы жылдың соңына дейін 600 км астам жол пайдалануға беріледі деп күтілуде. 2020 жылға дейін 6 мың км жолды ақылы ету кезең-кезеңмен жүргізілмек, соның ішінде биыл 700 км жол ақылы болмақ.
Сөз реті келгенде, өткен жылы атқарылған жұмыстардың жемісті нәтижелерінің біріне, былтыр алдыңғы жылға қарағанда Қытай Еуропа Қытай бағытындағы транзиттік контейнерлік тасымалдардың екі есеге өсіп, 104,5 мың контейнерді құрағанын, 2020 жылға қарай барлық контейнерлік тасымалдың көлемі Қазақстанда 2 млн контейнерге жететінін атап өткен жөн.
Ал транзитті авиажолаушылар саны былтыр 250 мыңнан 478 мың жолаушыға артса, 2017 жылы 600 мыңға, ал 2020 жылы 1,6 млн жолаушыны құрайды деп күтілуде. Көліктің барлық түрімен транзиттік тасымалдан кіріс 2020 жылға қарай 1,3 трлн теңгені құрайды деп болжамданған.