Мәжіліс депуттатары ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласында салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы Заңды мақұлдау туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Құжатты депутаттарға Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев таныстырды.
"Келісім жобасында 2024 жылдан бастап индикативтік мөлшерлеме мен одан ауытқу диапазондарын қолдану көзделіп отыр. ЕЭК кеңесіне акциздердің индикативтік мөлшерлемелерін бекіту және негізделген экономикалық орындылығы болған жағдайда оларды өзгерту бойынша өкілдік беру көзделеді. Акциздер мөлшерлемелерін жақындастыру 2024 жылдан бастап жүзеге асырылады. Әрбір 5 жыл сайын бірыңғай индикативтік мөлшерлеме және одан ауытқу диапазоны белгіленеді. 2024 жылы сигареттерге қатысты индикативтік мөлшерлеме 1000 данаға 35 еуро мөлшерінде ұлттық валютада белгіленген. Үйлесім үшін сигареттерге арналған акциздердің нақты мөлшерлемелері 2024 жылы индикативтік мөлшерлемелерден төмен жағына 20 пайыз қосылмайтын және үлкен жағынан 20 пайыз аспайтын ауытқу диапазоны бекітіледі, - деді министр.
Қазіргі таңда Қазақстанда темекі ацизі 1000 данасына 11 100 теңге көлемінде. Депутаттар біртіндеп акцизді көтеру кестесін нақты қалай іске асатынын сұрады.
"Мөлшерлемені кенет көтергелі отырған жоқпыз. Кезең-кезеңімен көтереміз. Салық кодексінде қазірдің өзінде 2021-22 жылдарға арналған акциз мөлшерлемелері көрсетілген. 2021 жылы 21,5 еуро, 2022 жылы 24 еуро болады. 2024 жылы мөлшерлеме 28 пайызға артады. 2021 жыл мен 2024 жылды салыстырсақ бюджетке акцизден түсетін табыс 27 пайыз артады", - деді Әсет Ерғалиев.
Мәжіліс өкілдері бірнеше ескертулер бере отырып, ЕАЭО аясындағы келісімді ратификациялау жөнінде шешім шығарып, қаулы қабылдады.
Есжан Ботақара