2024 жылдан бастап жеке құжат алу қанша тұрады?

2120

Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы бұйрығымен Қазақстан халқын құжаттандыру және тіркеу мәселелері бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларына өзгерістер енгізді.

2024 жылдан бастап жеке құжат алу қанша тұрады? Фото: nur.kz

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР азаматының паспортын алу үшін төленетін мемлекеттік баж 16 жасқа дейінгі балалар үшін 4 АЕК-ті құрайды (көлемі 24 бет), 48 беттік (ересектер үшін) – 12 АЕК, деп жазады inbusiness.kz. 

Бір жыл ішінде екі реттен артық жеке куәлігін жоғалтқандарға 1 АЕК төлеуге тура келеді.

ҚР азаматының стандартты паспорты (көлемі 36 бет) үшін мемлекеттік баж– сол күйінше қалды – 8 АЕК (2023 жылы – 27 600 теңге). 

Бұдан бөлек жеке куәлік алу үшін төленетін мемлекеттік баж мөлшері де өзгермеді – 0,2 АЕК (2023 жылы – 690 теңге).

Төлем электронды үкіметтің төлем шлюзі, екінші деңгейлі банктер арқылы немесе QR-код бойынша жүзеге асырылады.

Мемлекеттік баж төлеуден босатылғандар:

-          Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері; 

-          үш дәрежелі Даңқ орденінің және үш дәрежелі Еңбек Даңқы, "Алтын Қыран", "Отан" ордендерімен наградталған, "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болған; 

-          "Батыр Ана" атағына ие болған, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар; 

-          Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ бала жасынан мүгедектігі бар адамның, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі; 

-          қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар, балалар үйлерінде және (немесе) интернаттарда тұратын, мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; 

-          Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккен азаматтар.

Жеке басты куәландыратын құжат (Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерінде ресімделген Қазақстан Республикасы азаматының паспорттарын қоспағанда) алуға өтінім берілген күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде беріледі. 

Жеке тұлғаның қалауы бойынша жеке басты куәландыратын құжаттар ресімдеген күннен бастап:

1) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы

азаматының жеке куәлігі Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында – 1 жұмыс күніне дейін, облыс орталықтарында – 3 жұмыс күніне дейін;

2) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы

азаматының жеке куәлігі, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында – 3 жұмыс күніне дейін, облыс орталықтарында 5 жұмыс күніне дейін, 

3) облыстардың аудандарында және қалаларында – 7 жұмыс күніне дейін жеделдетілген тәртіппен беріледі.

Бұйрық 16 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу