2100 жылға қарай мұздықтардың 85%-ы жойылуы мүмкін

109

Орталық Азия елдері криосфера мәселелері бойынша өңірлік ынтымақтастықты күшейтіп жатыр.  

2100 жылға қарай мұздықтардың 85%-ы жойылуы мүмкін Фото: zabugorshiki.com

Сарапшылардың мәліметінше, аймақта мұздықтардың еруі жеделдеп келеді, деп жазады inbusiness.kz сайты "Қазақпаратқа" сілтеме жасап.

Егер парниктік газдар шығарындылары жоғары деңгейде сақталса 2100 жылға қарай өңір мұздықтарының көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 85%-ға дейін қысқаруы мүмкін. Бұл су ресурстарына түсетін жүктемені арттырып, инфрақұрылым мен халық үшін тәуекелдерді күшейтеді.

Сонымен қатар мұздық көлдердің жарылуы сияқты қауіпті табиғи құбылыстар қаупі арта түседі. Осыған байланысты үдерістердің шекарааралық сипатын ескерген өңір елдері бірлескен әрі келісілген әрекеттің маңызын атап өтті.

Бұл мәселе Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит (РЭС-2026) аясында ұйымдастырылған "Орталық Азия криосферасы: ғылыми бағалаудан климат өзгерісіне бейімделу бойынша бірлескен іс-қимылға дейін" атты сессияда талқыланды.

Іс-шараны Алматыдағы ЮНЕСКО-ның өңірлік кеңсесі ұйымдастырып, оған ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, сондай-ақ GEF–ПРООН–ЮНЕСКО жобасы аясындағы серіктестер қатысты.

Сессия барысында ЮНЕСКО қолдауымен әзірленген криосфера бойынша бірлескен өңірлік іс-қимыл бағдарламасына (JSAP) ерекше назар аударылды. Құжат мұздықтарды, қар жамылғысын және мәңгі тоңды бақылау мен зерттеу бағытындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ климат өзгерісіне бейімделу тәсілдерін үйлестіруге бағытталған.

Алматыдағы ЮНЕСКО өңірлік кеңсесінің директоры Амир Пирич ғылыми бағалаудан нақты әрекетке көшу қажеттігін атап өтті. 

– ЮНЕСКО Орталық Азия елдеріне криосфера саласында ғылыми әлеуетті күшейту және өңірлік ынтымақтастықты дамыту бағытында қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі басты міндет – ғылыми қорытындыларды нақты іс-қимылға айналдыру. Бірлескен бағдарлама осы үдеріске негіз болып, климат өзгерісіне бейімделу шараларын үйлестіруге мүмкіндік береді, – деді Амир Пирич.

Сессия қорытындысы бойынша Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның табиғат қорғау ведомстволарының басшылары JSAP бағдарламасын іске асыруды қолдайтын бірлескен мәлімдеме қабылдап, өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін растады. 

ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев климат өзгерісі сын-қатерлері бірлескен шешімді талап ететінін атап өтті.

– Қазіргі жағдайда бірде-бір ел бұл мәселелерді жеке шеше алмайды. Сондықтан өңірлік ынтымақтастықтың маңызы артып отыр. Бірлескен мәлімдеме елдердің күш біріктіруге және ортақ тәсіл қалыптастыруға дайын екенін көрсетеді, – деді ол.

Бірлескен іс-қимыл бағдарламасы өңір елдері мен серіктестердің криосфераны бақылау және сақтау бағытындағы жұмысын үйлестіруге негіз болады. Сонымен қатар ол ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындап, бейімделу шараларын ілгерілетуге ықпал етеді. Құжат халықаралық ұйымдар, донорлар және жеке сектор тарапынан қаржы тартуға да мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу