25 кен орны аукционға қойылады

865

Қазақстанның 25 кен орны аукционға қойылады. Бәссаудаға түсетін жерлердің қазба қоры 48 млрд долларға бағаланған. Кен байлықты игеруге отандастарымыздан бөлек шетелдік инвесторлар да қызығушылық танытып отырған көрінеді. 

25 кен орны аукционға қойылады Фото: inform.kz

48 млрд доллар. Осынша қаржыға татитын қыруар қорды жекеге бере салу аяқ асты шығарылған шешім емес. Бұған дейін де кен орындарында қазба жұмыстарын жүргізуге лицензиялар беріліп, келісімшарттар жасалып келді. Бәріне қойылған талап оның маңындағы жұртты жұмыспен қамтып, сол аумақты әлеуметтік тұрғыда әлдендіру. Үдеден шықпағандармен келісім үзіледі. Мәселен министрлік ревизия жүргізу арқылы 207 заңды тұлғаның лицензиясын кері қайтарған. Бұл басқа инвесторлардың жауапкершіліктен жалтармауына сеп болары анық. Ал Қазақстанға капитал құюға ынталылар инвестициялық ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екендерін алға тартып отыр. 

"Жаңадан өтетін аукцион туралы мәліметтерді алдық. Енді оны Брюссельге жібереміз. Одан әрі әр елдегі инвесторларға жеткіземіз. Менің ойымша инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға толық негіз бар. Оған екі тараптың да қызығушылығы жоғары. Қазақстанның жер қойнауы пайдалы қазбаларға толы. Одан бөлек жасыл энергетика да жеткілікті. Жасыл экономикаға бейімделген Еуроодақ елдері үшін сирек кездесетін қазба байлықтары ауадай қажет. Бұл екі жақты бизнес әріптестікті дамытуға мол мүмкіндік береді", дейді Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі  Кестутис Янкаускас.

Енді аукцион қалай өтеді дегенге тоқталсақ. Министр Марат Қарабаевтың айтуынша, процесс толығымен цифрландырылған. Адамның араласуынсыз, онлайн өтеді. Қазақстандық немесе шетелдік кез-келген адам қатысып, өз бағасын ұсына алады. Жалға берілер жерлердің арасында бұрын қазба жұмыстары жүргізілгендері де бар. Олар осыған дейін жосықсыз пайдаланушылардан кері қайтарылған жерлер. Бәссаудаға қойнауындағы қазбалары түртілмеген жаңа кен орындары да қойылады. 

"Міндетті түрде екі жақты келісімшартқа отырады. Сол келісімшарт мысалы қорды соңына дейін игергенше қанша болса  10 жылға, 20 жылға сондай келісімшарт түзіледі. Бірақ ол бір рет бекітіліп сонымен бекітіліп қалады деген сөз емес. Әр жылы өзының жұмыс бағдарламасын алып келіп, қайта министрлікпен келіседі. Қайта министрлікпен келіскенде мысалы сол жақтағы халық биыл бір мәселе көтерсе біз соны ескере отырып жұмыс бағдарламасын келісеміз немесе түзетулер береміз", деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев. 

Аукцион 26 мамырға жоспарланған. Басқосуда ведомство бәссауданы өткізудегі барлық жауапты тұлғаларды және олардың байланыстарын көпшілік назарына ұсынды. Жиылғандарға 25 кен орны туралы толық ақпаратты QR код арқылы таратты. Министрлік аукцион арқылы қосымша инвестиция тарту елдің тау-кен өнеркәсібі инфрақұрылымын жақсартуға ықпал ететініне сенім білдіріп отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу