"3 деген баға қоямын": Депутаттардың Үкімет жұмысына көңілі тола ма?

476

Депутаттардың атқарушы биліктің жұмысына көңілі тола ма? Тілшілер бұл сұрақты Мәжіліс кулуарында депутаттарға қойған болатын, деп жазады inbusiness.kz. 

"3 деген баға қоямын": Депутаттардың Үкімет жұмысына көңілі тола ма? Фото: newtimes.kz

Айдос Сарым Үкіметтің жұмысына көңілі толмайтынын, алайда депутаттың жұмысы заң шығару екенін, баға қою жатпайтынын атап өтті. Десек те, ол саясаттанушы ретінде өз бағасын берді.

"Мұндай жағдайда Үкіметке 3-тен басқа баға қоя алмаймын", -деп жауап берді ол.

Сондай-ақ тілшілер халық қалаулысына "Келесі жылы ауқымды кадрлық өзгерістер болуы мүмкін бе? Ол Мәжіліспен шектеле ме?" деген сұрақ қойды.

"Жаңа Мәжілістің сайлануы бүкіл үкімет құрылымының отставкасы деген сөз. Мәжілістің құрамы қандай болатынын қазір дөп басып ешкім айта алмайды. Әрине, жаңа партиялар да келер, жеке округтан да азаматтар келер. Сондықтан оның барлығы да үкіметтің сапалық құрамына әсер етеді. Екіншіден, алдағы жылдан бастап аймақтарда ауыл әкімдерінен тыс қала, аудан әкімдерін сайлай бастадық. Үлкен науқан болады. Түгелдей мәслихаттардың барлығы да жаңарады. Бұл да мысал үшін аймақтағы атқарушы билікке деген қысымды арттыра түседі. Мысалы, бүгіннің өзінде өзіміз жақсы білетін министрлеріміз Мәжіліске келуден жасқанады. Орынбасарын жіберуге тырысады, басқасы дегендей", - деді депутат.

Ал, Азат Перуашевтің айтуынша, Үкіметтің құрамы мен оған баға беру жөніндегі мәселе Мемлекет басшысының құзыретіне кіреді. Ол атқарушы билікке бес балдық жүйемен баға беруге тартқыншақтады.

"Мен өзім өте сыншыл көзбен қараймын. Президенттің өзі де үкіметпен өткен жиналыста да біраз сыни сөздер айтты. Үкіметке де, жеке министрлерге де. Сондықтан уақыт көрсетер", - деп жауап берді ол.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу