3 күннен кейін банкроттыққа өтініш беру басталады

2651

Жеке тұлғалардан банкроттыққа өтініш қабылдау процедурасы толық дайын. 

3 күннен кейін банкроттыққа өтініш беру басталады Фото: El.kz

3 күннен кейін борышқа белшеден батқан "қара тізімдегілер" қарыздан құтылу үшін алғашқы қадамдарды жасай алады. Жаңа заңда атаулы әлеуметтік көмек алатындарға да жеңілдік қарастырылған. 

Қарыз алған, қарғыбау таққан, берешекке белшесінен батқан азаматтар ұзақ күткен заң 3 күннен кейін күшіне енеді. Бұл жаңашылдықтың белгілі бір мерзімі жоқ. Яғни, жарты жыл, бір жылдан кейін аяқталады деп асықпау маңызды. Өйткені, өзін банкрот деп жариялайтындарға қойылатын талап жеңіл емес. 

Қарызын төлей алмай, "қара тізімге" енгендер үшін несиеден арылудың 3 жолы көрсетілген. 1ГРА: Біріншісі  соттан тыс банкроттық. Мұны қарызы 5 млн 500 мың теңгеге жетпейтін, кірісі 40 мыңнан аспайтын, басында мүлкі жоқ, 12 ай бойы несиесі өтелмеген қазақстандықтар пайдалана алады. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға да жеңілдік бар. 

"Заңнаманы талқылаған кезде депутаттар тарапынан ұсыныстар қаралып өзгерістер енгізілді. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар  болса, 6 ай бойы АӘК алып келсе, оларға 12 айлық уақыт шектелмейді. Сондықтан олар мұны тоспай, арызын бере алады. Біз оны қарастыра аламыз", дейді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов. 

"Қара тізімдегілердің" 95 пайызы соттан тыс банкроттықты пайдалана алады. Ал қалғанының екінші жолын таңдап, өзін сот арқылы банкрот деп тануға мүмкіндігі бар. 2ГРА: Бұл дегеніміз, берешегі 5 млн 500 мыңнан асатын, 1 жыл бойы 1 тиын да қарызын өтемеген, баспанасы барлар. Үйі кепілдікте тұрса, ол сатылымға қойылып, ақшасына несиесі жабылады. Ал, үшінші тәсілді пайдаланатындар банкрот мәртебесін алмайды. Олардың қарызы 5 жылға бөлініп, осынша уақыт бөліп төлеп, құтылады. Сарапшылар, бұл заң амалдың жоқтығынан қабылданғанын алға тартады. 

"Себебін ертерек іздеу керек еді. Бұл проблема осыдан 10 жыл бұрын елдегі банктердің бәріне 25 пайыздық жылдық сыйақы бекіткеннен басталды. Оған қоса, шетелден түрлі онлайн компаниялар кірді. Өкінішке қарай, халық ойланбастан қарыз алды. Оны сол кездегі жауапты қаржы бақылау комитеті бақыламады. Оны талқылау қазір тым кеш", дейді Банк мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев. 

Сарапшылар да, министрліктегілер де азаматтардың өздерін банкрот деп жарияламағаны абзал екенін айтып отыр. Өйткені, мынадай шектеулерге тап болады. 5 жыл бойы кредит ала алмайды,  3 жылға дейін шетелге шығуға тыйым салынады. Одан кейін екінші мәрте банкрот мәртебесін алу үшін 7 жыл күтуі керек. 

"Банкроттықтың үлкен салдары бар. Борышкердің қаржылық жағдайына үнемі мониторинг жүргізіліп тұрады. Банкроттық аяқталғаннан кейін 3 жыл бойы салық декларациясы мен басқа да ақпарат көздері негізінде біз өз мүлкін несие берушілерден жасырған және қарыздарын өтемеген борышкерлерді анықтаймыз. Мұндай фактілер белгілі болған жағдайда банкроттық рәсімі жойылады және қолданыстағы тәртіппен өндіріп алу үшін барлық шаралар қайта басталады, яғни азамат қарапайым борышкерге қайта айналады", дейді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов. 

Бұл ретте қаржы мониторинг агенттігі Микроқаржы ұйымдарына проблемалық кредиттер бойынша талап күшейтілетінін айтып отыр. Сондай-ақ, коллекторларға да қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.

Халықтың қаржылық сауатсыздығын пайдаланып қалатын алаяқтар бұл істен де қалыс қалып жатқан жоқ. Әлеуметтік желілерде "өзін  банкрот" ретінде жариялауға көмектесетіндер жарнамасы күрт көбейген. Бұл процедура толық тегін және тек өзіңіздің қатысуыңызбен мына сайттар арқылы жүзеге асатынын ескертеміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу