3 мыңнан астам кәсіпкер бөлшек салықтың арнайы салық режимін қолдануға өтініш берді

585

Жаңа салық режимін кімдер қолдана алады?

3 мыңнан астам кәсіпкер бөлшек салықтың арнайы салық режимін қолдануға өтініш берді Фото: inbusiness.kz

23 мамыр күні "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында ҚР Ұлттық экономика министрлігі және ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдерінің қатысуымен жаңа салық режимін түсіндіру бойынша бірлескен семинар өтті.

Пандемиядан кейін кәсіпкерлерді қолдау мақсатында енгізілген салықтың арнаулы режимі одан әрі де қолданылатын болды. Бүгінгі таңда Үкімет бөлшек салықтың арнайы салық режимі қолданылатын қызмет түрлерін бекітті. Тізімге 190 қызмет түрі енген.  

"Бөлшек салықтың арнайы салық режимі келесі жағдайларда қолданылады. Кәсіпкерлердің тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында күнтізбелік жылдағы табысы 600 мың АЕК-тен аспаса (шамамен алғанда 2 млрд теңге), қызметкерлердің орташа тізімдік саны 200 адамнан аспаса қолданылады. Жеке табыс салығы немесе корпоративтік табыс салығы бойынша негізгі салық ставкасы 4 пайызды құрайды. Бұл мөлшерлеме тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтерді өткізу түпкілікті тұтынушыға қатысты жүргізілген жағдайда қолданылатынын ескеру керек. Егер  түпкілікті тұтынушыға қатысты болмаса, яғни В2В операциясы кезінде 8 пайыздық ставка қолданылады", - деді ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағнаев.

Спикердің сөзінше, бұдан бөлек жергілікті өкілді органдарға бизнес субъектінің орналасқан жеріне және көрсетілетін қызмет түріне байланысты 4 пайыз мөлшеріндегі ставканы 50 пайызға дейін төмендету құқығы берілді.

"Салық төлеушілер салық салынатын табыстан өздерінің барлық жалдамалы жұмыскерлері бойынша еңбекақы төлеу қорының мөлшерін алып тастауға құқылы. Бұл бизнес үшін үлкен жеңілдік деген сөз. Бүгінде көптеген бизнес субъектісі жалдамалы жұмыскерлердің санын азайтатыны жасырын емес. Салдарынан жұмысшылардың бұл санаты әлеуметтік тұрғыдан қорғалмайды. Олар үшін зейнетақы жарналары, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорына жарналар аударылмайды", - деді Ерлан Сағнаев.

Ол жергілікті мәслихаттарға ставканы төмендетуге қатысты шешімдерді осы жылдың 1 шілдесіне дейін қабылдау құқығы берілгенін де жеткізді.

"Биылғы 1 қаңтардан бастап бизнес субъектілері ретроспективті түрде бөлшек салық режимін қолдануға құқылы. (...) Осы жылдың қаңтар айына дейін ҚҚС бойынша салық төлеуші болып есептелмегендер бөлшек салық режиміне еш қиындықсыз ауысуға құқылы және олар ҚҚС төлемейді. Бірақ егер де ол ҚҚС төлеуші болса, онда бөлшек салық режиміне ауыса алады. Ол үшін ҚҚС бойынша тиісті есепті тапсырып, қосылған құн салығы бойынша өзінің салық міндеттемелерін орындауы тиіс", - деп атап өтті ҰЭМ өкілі.

Ол жаңа салық режимі бойынша норманың республикалық бюджет комиссиясының отырысында қаралғанын айтты.

"Жекелеген санаттар мен экономиканың жекелеген салалары бойынша түсімдердің төмендеуі болжанып отыр. Алайда осыған дейін де айтып өткенімдей, бизнес субъектілерінің көп бөлігі осы режимге ауысады. Біз ЖІӨ де, еңбекақы төлеу қорының салықтары өседі деп ойлап отырмыз.  Осының есебінен бюджетке қосымша салықтар түседі деп көзделген", - деп түйіндеді спикер.

"Былтыр Kaspi Bank-тің QR-код арқылы мобильді төлемдерді қабылдау жүйесі арқылы ақша қаражатының түсу мәліметтеріне талдау жүргіздік. Оның нәтижесінде жекелеген салық төлеушілердің декларацияланған кірістерін төмендеткені анықталды. Яғни, көп жағдайда айтарлықтай үлкен айырмашылықтар байқалды. Мәселен, салық төлеуші декларациясында небәрі 600 мың теңгені көрсетсе, бұл ретте оның жылдық айналымы жарты миллиард теңгеге дейінгі соманы құраған", - деді Қаржы министрлігі Өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды және арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру департаменті директоры Арман Тян.

Ол ҚҚС бойынша шекті мәннен асқан кезден бастап ҚҚС қою бойынша міндеттемелер пайда болатынын еске салды.

"Егер бұл уақтылы жасалмаса, онда мерзімі өткен кезеңде барлық айналым бойынша айыппұл санкциясы көзделген. Бұл рұқсат етілген шектен асып кеткен соманың 15 пайызы мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттейді", - деп түсіндірді спикер.

Арман Тянның сөзінше, бүгінгі таңда 3 мыңнан астам салық төлеуші бөлшек салық режимін қолдану бойынша өтініш берген көрінеді. Спикер уақыт өте келе олардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу