4 мемлекет Қазақстанда АЭС салғысы келеді

693

4 мемлекет Қазақстанда Атом электр станциясын салғысы келеді. 

4 мемлекет Қазақстанда АЭС салғысы келеді Фото: el.kz

Екеуі  қоңсы қонған көршілеріміз. Билік оның құрылысы туралы нақты шешім қабылдағанымен, қай елдің технологиясын пайдаланатынын әлі шешпепті. Оның үстіне, Қазақстан қажетті бірақ қауіпті нысанды күтіп ұстауға дайын ба?- деген сұрақ та әзірге жауапсыз. Осы орайда бүгін Астанаға Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің миссиясы келді. Олар еліміздің ядролық инфрақұрылымына кешенді шолу жүргізбек. 

Қазақстан Атом электр станциясын салады. Шешім қабылданды. Нысан орналасатын жер де белгілі  Балқаш өзенінің жағасындағы Үлкен деген ауылдың маңында. Алайда, жергілікті жұрт арасында қоғамдық тыңдалым әлі жүргізілмеген, Алматы облысының мәслихатынан рұқсат та алынбаған.  Тіпті, станция құрылысына ақшаны қайдан алатынымыз да белгісіз. 

"Біріншіден салынатын жер белгіленеді, содан кейін технология айқындалады, содан кейін құрылысы басталады. Қазір біз бастапқы қадамдамыз.+Біздің таңдап жатқан технологияларымыз 4 әлемде қолданылатын технология. Олар Қытай, Ресей, Франция және Корея мемлекеттері шығаратын реакторлар", дейді ҚР Энергетика вице-министрінің міндетін атқарушы Жандос Нұрмағанбетов.

Қарап тұрсақ, дамыған 4 мемлекет Қазақстанда АЭС салғысы келеді. Екеуі, Қытай мен Ресей, көрші жатқан алпауыт держава. Осы орайда, Қазақстанға таңдау жасарда саяси қысым көресетілуі мүмкін бе?- деген заңды сұрақ туындайды.

"Ресей, Қытай, Корея, Франция тарапынан саяси қысым жасалуы мүмкін бе? Бізді таңдамасаңдар, мынадай-мынадай салдары болады деген сияқты.  Біз Қазақстан егемен мемлекет емеспіз бе? Біз шешім қабылдарда неге біреудің қысымына қарауымыз керек? Станция салу мәселесі ол мемлекеттің өзінің сұрағы.Сондықтан өзіміз шешеміз, саяси қысым болмауы керек деп ойлаймын", дейді ҚР Энергетика вице-министрінің міндетін атқарушы Жандос Нұрмағанбетов. 

Осы орайда бүгін Қазақстанға халықаралық атом энергетикасы агенттігінің делегациясы келді. Беделді ұйымның құрамына 30-дан аса мемлекет кіреді. Ал еліміз бұл ұйымға тәуелсіздік алғалы мүше. МАГАТЭ өкілдері атом энергиясын қауіпсіз әрі бейбіт мақсатта пайдалану бойынша нұсқаулық береді. Халықаралық агенттіктің миссиясы алғаш рет елімізге 2016 жылы ат басын бұрып, біраз ұсыным айтып, кеңес беріп кетіпті. Мәселен, арнайы заң қабылдау, ғылымды дамыту, сала мамандарын даярлау, материалдық база мен инфрақұрылымды жақсарту. Қазақстан оларды орындады ма, жоқ па  делегация осыған баға беру үшін келіпті.

"МАГАТЭ миссиясының негізгі мақсаты  елдерге немесе үкіметтерге тиісті шешім қабылдауға көмектесу. Біз мұнда прогрессті көру үшін,  инфрақұрылым дамудың қандай сатысында тұрғанын, болашақта қандай салаларды дамыту керегін түсінуге көмектесу үшін келдік. Осы миссияның соңында қандай салаларды әлі де дамыту қажет екенін қарастыра аламыз. Біз Қазақстанға тиісті шешім қабылдауға көмектесе аламыз деп үміттенемін", дейді АЭХА миссиясының жетекшісі, ядролық инженер Мехмет Джейхан. 

"Еліміз халықаралық атом энергетикасы агенттігінің ұсынымдарын ескеріп, талаптарын орындай алды ма? Өкінішке қарай, бұл бізге беймәлім. Өйткені, негізгі отырыс құпия өтіп, журналистерді кіргізбеді. Белгілісі, МАГАТЭ Қазақстанға Атом электр станциясын салуға тыйым сала алмайды. Билік шешімді өзі қабылдайды. Бірақ, агенттіктің кеңестерін елемей, ұсынымдарын ескермеген жағдайда еліміз халықаралық қауымдастықтың сынына ұшырап, инвестициялық тартымдылығынан айырылуы мүмкін". 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу