"4 жыл оқуға жұмсаған ақшамды осы бизнеске жұмсағаным дұрысырақ болар ма еді?!"

3593

MediaNet халықаралық журналистика орталығының журналистерге ұйымдастырған экспедициясы аясында Арал өңіріне табан тіредік. Жоба "Орталық Азияның трансшекаралық экологиялық мәселелерін медиада жариялаудағы ықпалдастық" деп аталатынын айтпай кетуге болмас. 

"4 жыл оқуға жұмсаған ақшамды осы бизнеске жұмсағаным дұрысырақ болар ма еді?!"

Арал – 33 791 тұрғыны бар шағын қала, Қызылорда қаласынан шамамен 465 шақырымдық жерде жатыр. Бір қызығы, біз мұнда теңіздің тартылуы мәселесі бойынша емес, тұрғындардың қалай табыс табатынына, немен күн көретініне, шағын және орта бизнесті дамыту қай деңгейде жүріп жатқанына үңілуге келдік. Ол үшін кәсібін енді-енді ғана дөңгелетіп келе жатқан мұндағы кәсіпкерлерді әңгімеге тарттық. Олардан жеке кәсіпті қалай бастауға болады, қандай өнімге немесе қызмет түріне сұраныс бар деген секілді сұрақтарға жауап іздедік. 

Грант немесе практика: екеуінің бірін таңдау керек

Кәрім Темірхановтың шағын наубайханасы бар. Ол – жас кәсіпкер. Наубайхана дәл үйінің іргесінде. Есіктегі шағын терезенің тұсына "НАН" деп жазып қойыпты. Осы жерде таңнан кешке дейін күніне тапсырыспен 1 000-1 200 бөлке нан пісіп шығып, Аралдың дүкендеріне таратылады, қалғаны сатылады. Жақын маңдағы "Шымкент" кафесі де күніне 180-дей нан алып тұрады. Алайда сенбі-жексенбі – демалыс күндері сатылым азырақ, 700-800-дей нан өтеді екен.   

Кәрім бұл істі бастау үшін осыдан екі жыл бұрын "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасынан "Бастау Бизнес" жобасы аясында 505 мың теңге грант алған. Себебі 2017 жылы Қызылордадағы "Болашақ" университетінде Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығына оқып, дипломын қолына алғанымен, Аралға келгеннен кейін екі жыл бойы тұрақты жұмыс табыла қоймапты. Осы кезде Қазақстандағы көп ауылды жерде кездесетін жұмыссыздық мәселесі Кәрімнің де басынан өткен.

‒ Сол уақытта "Жұмыспен қамту" орталығы жіберетін алты айлық жастар практикасымен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі боп істеп жүрген жұмысымды алты айға жеткізбей, екі айдан кейін доғарып тастадым. Себебі не практика, не "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының бизнес курсынан өтіп, соны дәлелдейтін сертификат пен ақшалай грант алу – осы екеуінің біріне таңдау жасауым керек болды. Ал алты айлық практикадан кейін тұрақты жұмыстың табыла қоятыны да белгісіз әрі сол кезде қолыма 53 мың теңге ғана тиетіндіктен, жеке бизнес бастауды таңдадым. Өйткені университетте оқумен қатар Қызылорда қаласындағы наубайханада алты жылға жуық жұмыс істеген тәжірибем бар, ‒ дейді ол.  

"Жеме-жемге келгенде жетпей қалды"

Кейіпкеріміз сол қабілетіне сеніп, 2019 жылдың желтоқсан айында жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелген. Бірақ жеме-жемге келгенде 505 мың теңгенің ештеңеге жетпей қалатынын ашық айтты.

‒ 505 мың теңгенің үстінен мен өз ақшамнан қосып, бағасы шамамен 600 мың теңге тұратын нан пісіретін пеш, 350 мың теңгеге қамыр илейтін тестомес пен біраз қалып (форма) сатып алдым. Қаражат жеткіліксіз болғандықтан, 2020 жылдың сәуір айына таман алты пайызбен ауылшаруашылық мақсатына берілетін бес миллион теңге көлемінде несие алдым. Ол ақшаны құны бір миллион теңгеден асатын нан пісіретін екінші пеш алуға, қосымша қалыптар мен нан тарату үшін автокөлік сатып алуға жұмсадық. Өйткені соған дейін нанды такси арқылы таратып жүрген едік, ол әлбетте тиімсіз болды, ‒ дейді Кәрім.  

Көмекшілеріне қанша теңге төлейді?

Оған нан пісіруге әкесі мен жиен інісі көмектеседі. Арасында жұмысшы жалдауға мәжбүр екен. Нанды сағат түнгі 12 мен 1-дің арасында бастап таңға дейін пісіреді. Ал кезекті қабылдап алған адам таңнан кешке дейін нанның қамымен болады. Кешкі сағат 7-8-дер мен түнгі 12 мен 1-дің арасында ғана тынығуға уақыт табылады екен. Пешке бір партиямен салынған 72 нан шамамен 50 минуттың ішінде пісіп шығады. Кейін нанды дүкендерге әкесі таратып, 90 теңгеге өткізеді. Дүкен оның үстіне 10 теңге қосады. 

Көмекшілерге 8-9 сағат жұмысы үшін күніне екі жарым мың теңге мен 2 бөлке нан төленеді. Алайда шағын бизнес үшін көмекші жалдау қалтаға салмақ түсіретін боп тұр. Әсіресе, өзінің орнына жұмысшы алған кезде пайда болмай қалатынын айтады Кәрім. Себебі өз айлығымен несиесін жауып отырады. Мысалы, түнгі кезекте бір өзі екі адамның жұмысын атқаратындықтан, өзі шыға алмаған кезде екі адам жалдауға мәжбүр. Ал оның әрқайсысына 2 жарым мың теңге төлеу қажет. Жалпы жұмысшы жалдау үшін нан өнімдеріне ассортимент жасау керек немесе нанның бағасын көтеру қажет деген ойда.   

Әкімдік ұн қымбаттайтынын айтты

‒ Аралға қара нан Қызылордадан келетін, бірінші болып біз пісіре бастадық. Қазір басқа наубайханалар да дайындайды. Ассортимент жасап, тәтті тоқаштар мен коржиктер пісірсек, бизнес айналымға шығар еді деп ойлаймын. Бірақ оны жасау үшін азық-түлік қымбат боп отыр әрі жалғыз өзің үлгермейсің. Негізі қысқа қарай крем қосылатын тәттілерді жасаймыз, жаз кезінде күннің ыстығына шыдамайтындықтан пісірмейміз. Хот-дог, чизбургердің нанын дайындап көрдік, жақсы шықты. Бірақ бағасы өзін ақтамады. Менің ойымша, қаладан үйреніп алып, біраз бизнес түрін ауылда да ашуға болады. Осы соңғы жылдары жастар "чикен фуд" сияқты шағын бизнестерін ашып жатыр, бірақ оның өзі әзірше санаулы ғана. Басты мәселе ‒ ауылда өнім дайындауға қажетті қант, жұмыртқа, май сияқты тамақ өнімдері қаламен салыстырғанда қымбат. Мысалы, жақында Қызылорда әкімдігі кәсіпкерлерге онлайн конференция өткізіп, ұнның бағасы тағы қымбаттайтынын ескертті. Сол үшін де пряник, тоқаш, торттың бағасы қымбатқа шығып кетеді де, адамдар алмайды. Дегенмен Аралда пряник пісіретін наубайхана бар, оның өзі жақсы. Мұнда ресми жұмыс істеп тұрған шамамен алты-жеті наубайхана бар шығар ‒ дейді ол.

Арал ауданының әкімдігі "Арал аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылдың 1 тамызындағы есеп бойынша өңірде ресми тіркелген кәсіпкерлердің жалпы саны – 4299.

"Үлкендер үлгермейді"

Кәрімді қазіргі қымбатшылық алаңдатып отыр.

"Қазір тағы да ұн қымбаттап жатыр. Елу келілік 1 қап ұн 8 300-8 500 теңге. Карантинге дейін 1 қаптың бағасы 7 жарым мыңдай болып еді. Ұнды тапсырыспен дүкеннен аламыз. Жалпы Аралда азық-түлік өте қымбат. 1 700 теңгеге алып жүрген 5 литрлік күнбағыс майы қазір 4 100 теңге шамасында. Біз ашытқы дайындауға, қалыпты майлауға күніне 1 литрдей күнбағыс майын жұмсаймыз. Мың тал (штук) нан пісіруге елу келілік 8-9 қап ұн кетеді. Ақ нанмен қоса, тапсырыспен "столовый" қара нанын пісіреміз ғой. Азық-түліктің бағасы қымбаттап кетсе де, біз нанның бағасын сол күйі өсірмеуге тырысып отырмыз. Бұл да бізге ауыртпалық түсіреді. Дәл қазір бизнестен ақша артылмағаннан кейін, кірісі мен шығысын ойша есептейсің. Қағазға түсіріп отыруға да аса құлшыныс болмай қалады екен. Түскен ақшаға бірден ұн, май, тұз сияқты керек-жарақтарды сатып аласың, несие төлейсің, сонымен таза табыс көзге көрінбей қалады. Біздің бизнес әлі де аяқтан нық тұрған жоқ. Тіпті, ауырып қалып, емделейін деген күннің өзінде, жұмысты басқаға тапсырып кете алмайсың. Себебі өзіңе шығын келеді. Жалпы Аралда жұмыс күші арзан. Оның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Неге дейсіз ғой? Аз жалақыға жұмысшы адам табу қиын болып жатады. Өйткені жастардың көбі көбірек табыс табу үшін қалаға кетеді. Сондықтан бізге көмекке келетіндер үлкен кісілер. Ал олардың жасына байланысты жұмыс істеу қарқыны да баяу болады, сәйкесінше кейде үлгермей жатамыз", ‒ дейді кейіпкеріміз. 

"Қарызға аламыз"

Ол ай сайын 120-130 мың теңгенің көлемінде несие төлейді. Кәрім наубайхана әкеліп жатқан кіріс көлемі байып кетуге жетпесе де, өзін-өзі ақтап отырғанын айтады. Қазір ұн жеткізіп берушілерден ұнды келесі келгенге дейін қарызға алып жұмыс істеп жатқандарын да жасырмады.

‒ Жеке кәсіпкерлік ашқаннан кейін, оны бір жыл өтпей жауып тастай алмайсың. Айына 10 мың теңгеден салық төлеу тиіс. Біз салықты жеңілдетілген тәртіппен алты айда бір төлейміз, сонда бір жылға 120 мың теңге кетеді. Кәсібі жақсы жүріп кеткен адамға 120 мыңды төлеу қиын болмайтын шығар, ал жұмысың өрге баспай қалса, тексеріс келген сайын 505 мың теңгеңнің есебін беру қиындап кетеді. Сол үшін "ештеңе шықпай қалды" деген сияқты түрлі сылтау айта бастайсың. Қайта қазір кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланғанының арқасында 3 жылға дейін кірісті есептемей жатқаны бізге жеңілдік боп отыр, ‒ деп риза.   

"Енді келмеймін"

Бір қызығы, жас кәсіпкердің наубайхана ашуға алғашында көңілі тартпаған. Диплом алғаннан кейін мамандық бойынша жұмыс істеуді жоспарлағанымен, өмір қайта-қайта осы салаға әкеле берді дейді күліп. "Қызылордадағы наубайханада нан пісіріп, табыс тауып жүрген студент кезден-ақ "енді келмеймін" деп есігін тарс жауып кетсем де, айналып кеп қайтадан баратынмын. Ақыр-аяғында өзім аштым ғой Аралдан. Төрт жыл бойы оқуға төлеген 1 миллион теңгеден артық қаражатты бірден осы бизнеске жұмсағаным дұрысырақ болар ма еді?! Сондықтан диплом керексіз боп қалмас үшін бизнесмен болғысы келетін адамға мектеп бітіргеннен кейін таңдайтын саласына қатысы жоқ мамандықты оқудың қажеті жоқ деп есептеймін" деп ойланып қалды.

Оның айтуынша, бизнес курсын оқып жатқандар көп, бірақ кәсіпті бастап кету қиын. "Атамекеннің" грантын алу үшін Аралдан өзімен бірге барлығы 60 адам курсқа қатысыпты. Небәрі үш аптада бизнесті қалай жүргізу жолдарымен танысқан. Қызылорда облысы Арал ауданының Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, "Бастау Бизнес" жобасы өңірде 2017 жылдан бастан жүзеге аса бастаған. Содан бері 2017 жылы 220 адам курсты оқыған. 2018 жылы 240 адам, 2019 жылы 470 адам, 2020 жылы 246 адам бизнес жүргізудің қыр-сырымен танысқан. Бұл жобаға қатысқандардың орташа жасы 20-45 жас арасында екен.

"Көбі Атырауға кетеді"

Арал ауданының әкімдігі "Арал аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің" мәліметінше, өңірдегі негізгі шаруашылық – балық аулау кәсібі және аквамәдениет, мал шаруашылығы, көтерме сауда, бөлшек сауда, қызмет көрсету саласы (шаштараздар мен сұлулық салондары). Мәселен, теңізге жақын жерде балық аулау кәсібі жақсы дамыған. Соған қарамастан, Аралдағы кейбір адамдар жұмыстың тапшылығына байланысты табыс іздеп Атыраудағы Теңіз (Тенгиз) мұнай кен орнына жол тартады екен. Кәрім жергілікті халықтың шамамен 20-30 пайызға жуығы сонда кететін шығар деп отыр. Аралда тұрақты жұмыс орындары мектеп, емхана, өрт сөндіру қызметі, сосын әкімдікте ғана деген түсінік бар. Одан бөлек, Аралда жұмыс іздегендер үшін ең басты мәселе "парада" болып тұрғанын айтты. 

‒ Ақша бермей, жұмысқа тұра алмайсың. Қызылорда қаласының өзінде мамандық бойынша жұмыс табуға болатынын естимін, бірақ Аралда ондай мүмкіндік мүлдем жоқ. Мемлекеттік мекемеге штатқа алынуың үшін тиісті адамға сұраған ақшасын беруің керек, ‒ дейді Кәрім.

Жас отбасы

Ең өкініштісі, "ақша қыстыру" арқылы жұмысқа орналасу жергілікті тұрғындар үшін қалыпты жағдайға айналып кеткен. Жағдайдың өзі соған итермелеп тұрғаннан кейін кезінде Кәрім де амалсыз тамыр-таныс іздеп, қажетті қаражатты жинауға кіріскен. Бірақ сол сәтте бос орын шыға қоймапты.

Бүгінде Кәрім жаңа ғана отау көтеріп отырған жас азамат. Үйленгеніне әлі жарты жыл да толмапты. Қазір ата-анасы және бауырларымен бір шаңырақтың астында тұрып жатыр. Ағасы мен студент қарындасы бар. 

"Отбасында 9 адамбыз: әжем, ата-анам, ағам өз отбасымен, қарындасым. Ағам балық зауытында бухгалтер, анам базарда кішігірім киім-кешек сауда-саттығымен айналысады. Келіншегім үй тірлігімен айналысады, аяғы ауыр" дейді. 

Біз де өз кезегімізде жас отбасыға "құтты болсын" айтып, ары қарай жол жүріп кеттік.  

P.s. Бұл материал Германияның Федералдық Сыртқы істер министрлігінің (Auswärtiges Amt) қаржыландыруымен MediaNet халықаралық журналистика орталығы және DW Akademie медиа дамыту халықаралық ұйымы бірлесіп жүзеге асыратын "Орталық Азияның трансшекаралық экологиялық мәселелерін медиада жариялаудағы ықпалдастық" жобасы аясында дайындалды.

Нұрсұлу Мырзахмет
Данияр Сәдуақасов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу