487 көлік пен 17 үйдің ақшасы жоқ: 700-ге жуық маңғыстаулық қаржылық ұйымға алданды

420

Төрт жыл бұрын көпшілік Capital Plus қаржылық компаниясына үй, көліктерін сатып одан қалды қомақты ақшаларын салған.    

487 көлік пен 17 үйдің ақшасы жоқ: 700-ге жуық маңғыстаулық қаржылық ұйымға алданды                                          Фото: М.Нұрдәулет

Пайдаға кенелеміз деп жүргенде соқыр тиынға зар болып, бармақ тістеп қалған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Компания салған қаражатты екі есе етіп қайтарамыз деп уәде еткен. Содан бері былықтың беті ашылса да, қылмыскерлерге жаза жоқ.

"Қаржылық пирамида басшылығы ұсталмаған, қолымызға қаржы қайтарылмады, қылмыстық іс тоқтап тұр", - деп ашынады салымшылар.

Мүлкі мен қомақты қаражатын салып сан соғып қалғандар компанияның жарнамасы Ақтау көшелеріне ілініп, әлеуметтік желіде таралған соң сендік дейді. Салымшылар компания құрылтайшысы 3 млрд теңгедей қаражатты қалтасына басып, ұшты-күйлі жоғалып кетенін айтады. Көпшілік қылмыстық істің 4 жылға созылып кеткеніне және қаржылық пирамиданы ұйымдастырған басшылардың әлі күнге дейін ұсталмай жүргеніне наразы. Барлығының талабы бір - мүлкін қайтарып алу.

"Сол компанияға 700-дей маңғыстаулық 487 көлік, 17 үй салдық. Ол компания өзін инвестициялық компаниямыз деп таныстырды. Оның директоры Темірғалиев деген болды. Бірақ оны біздің полиция 4 жыл бойына Темірғалиевті Құрбаниязов деп іздеуге қойды. Қазіргі таңда директор қашып жүр. Халыққа қаражат қайтарылу керек. 158 машинаны арестке қойды. Көлікті арестке қойса да, сатылып кетіп отыр. Біреудің атына қалай тіркеледі?" - деп ашынады салымшылар.

Әсел Қалбаева аталмыш пирамида ұйымынан қомақты қаржы алмақ болып, Армениядан әкелінген көлігін өткізіп жіберген. Кейін сан соғып қалып, темір тұлпарды іздестіруге кірісіпті. Нәтижесінде автокөліктің бірнеше адамға сатылғанын және шетелдік нөмірден қазақстандық мемлекеттік белгіге ауысып кеткенін анықтаған. Өзге мемлекеттің нөмірімен жүрген көлік қалайша мемлекеттік белгі алды деген сауалға әлі күнге дейін жауап таппай жүр.                                                                                                                                              

"Машинаны Шымкентке жіберген. Бұрын тергеуші болып істеген адам сатып алған. Ол көлік жолдасымның атында әлі тұр. Бізге 350 мың теңге айыппұл келді. Күн сайын 7 хат келеді. Анау жол ережесін бұзып жүре берген. Өзінен кейін үш адамға сатып жіберген. Сол үшінші адам жазда қазақ нөміріне аударған. Аресте тұрған машинаны қалай аударып алдыңыз десем, білмейді", - дейді Әсел Қалбаева.

Мәселенің ақ-қарасын ажырату мақсатында облыстық прокуратуға хабарласып көрдік. Қаржы пирамидасын ұйымдастырған басшысы Грузия елінде ұсталғанын және оның сол жақтағы уақытша қамау абақтысында отырғанын білдік.

"2020 жылы қылмыстық топтың ұйымдастырушысы Темірғалиев Грузия Республикасында ұсталды. Қазіргі уақытта оны елге экстрадициялау мәселесі қарастырылуда. Бұған дейін қылмыстық топтың мүшелері Құсайын және жеке нотариус Кушнеренко сот шешімімен 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Қазіргі таңда Ақтау қалалық сотымен қылмыстық топтың 7 қатысушысына қатысты сот процесі жүргізілуде", - деп түсіндірді Облыстық прокуратураның аға прокуроры Берік Жексембет.

Қазір Capital Plus басшысын Қазақстанға алдыру мақсатында келіссөздер жүргізіліп жатыр. Әзірге оны сот залына қай уақытта әкелетіні белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу