6 жылда Астанадан 1 миллион тоннадан астам қоқыс шығарылды

1239

6 жылда Астанадан 1 миллион тоннадан астам қоқыс шығарылды

Алты жылда Астанадан 1 миллион тоннадан астам қоқыс шығарылды. Жыл өткен сайын елордада қоқыс жинау жүйесі жетілдіріліп келеді, пластикке арналған контейнерлерді орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр, алдағы уақытта қағазға арналған жәшіктер де қойылмақ, деп хабарлады Астана қаласының баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде "Астана-Тазарту" кәсіпорнында 500-ден аса адам еңбек етеді, күн сайын 47 техника бағыт бойынша шығады. Жұмыс тәулік бойғы режимде жүреді. Бірінші топ таңғы сағат 5-те, екіншісі күндізгі сағат 2-де шығады.

"Астана-Тазарту" ЖШС бас директоры Иван Лавриненконың айтуынша, елорданы абаттандыру ережелеріне сәйкес, қоқыс шығару күніне бір рет жүргізіледі, бірақ қаланың қарқынды дамып, өсіп келе жатқанын ескере отырып, көптеген нүктелерге күніне 2-3 реттен баруға тура келеді, бұл контейнерлердің толып кетуіне жол бермеу үшін жасалады.

"Қала 24 учаскеге бөлінген, әрбір ауданда аға шебер, әрбір учаскеде инспекторлар бар, олар күнде барлық нүктелерді тексеріп, контейнер алаңдарында болып жатқанның бәрін бақылап отырады. Машиналар GPS бақылау жүйесімен жабдықталған, барлығы күнделікті негізде бақыланып, мониторинг жүргізіледі. Бұдан басқа, қазір біз қаланың электронды картасын әзірлеп жатырмыз, біздің барлық заңды және жеке нүткелеріміз осы картаға тіркеледі, нәтижесінде біз қалада болып жатқанның бәрін онлайн режимде бақылап отырамыз. Барлық контейнер алаңдарының фотосуреттері осы картаға енгізіледі, пайдаланушылар өздері қарап отырады, карта біздің сайтта орналастырылады. Бұл көп еңбекті қажет ететін жұмыс, бұл жүйе келесі жылы іске қосылады деп ойлаймын", – деді Иван Лавриненко.

Бүгінде қоқысты бөліп жинау бойынша жоба насихатталуда. Әр апта сайын қалада 30-50 контейнер, жыл соңына дейін 686 қоқыс жәшігі орнатылады. Арнайы экологиялық қоқыс тасымалдағыш машиналары күн сайын бір тоннадай пластик шығарып жүр.

"Біз әзірге пластик пен қағазға тоқталдық. Тұрғындардан пластик салатын контейнерлерге алюминий банкаларын салуды да сұрайтын шығармыз. Өйткені сондай да сұраныс бар, адамдар сұрап жатыр. Шыныға арналған жеке жәшіктер орнатудың қажеттілігі жоқ, өйткені Қазақстанда шыны өңдеу өндірісі жоқ, сол себепті оны жай жинау орынсыз. Қағазға арналған бөлек контейнерлер орнатылады, қазір олар жасалуда. Жаңа жылдан бастап орнатпақпыз", – деді Иван Лавриненко.

Алда өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында қалада қайта арту станцияларын іске қосу жоспарланған. Бұл қоқыс жинау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Астананың айналасына қуатты машиналар орнатылады, әр ауданда екі станциядан болады, ол жерге қоқыс тасымалдағыш машиналар жетіп, жүктерін тастап, ары қарай бағыттары бойынша шығатын болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу