Үкімет екінші деңгейлі банктердің коммерциялық ипотекасының пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауы мүмкін. Шамамен, 7 пайызы мемлекет есебінен субсидияланады. Алушыларға қанша пайыз болатыны айтылмады.
Ұсынысты "Бәйтерек "Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Зейнетақы жинақтарының тұрғын үйге жұмсауға болатын шекті мөлшерінің өсуіне және келесі жылы "7-20-25" бағдарламасының аяқталуына байланысты 500 млрд теңге ипотекаға немесе 35 мың пәтерге деген сұраныс төмен болады деп болжанып отыр. Жеке құрылыс салушылардың коммерциялық тұрғын үйді сату жылдамдығы айтарлықтай төмендеуі мүмкін. Сұраныстың өтелмеуіне жол бермеу мақсатында халық үшін екінші деңгейлі банктердің нарықтық ипотекасы бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігін іске қосу ұсынылады", – деді Үкімет отырысында
"Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев.
Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде мынадай базалық шарттар ұсынылады:
- бастапқы жарна 20 пайыздан бастап;
- кредит беру мерзімі 20 жылға дейін;
- қарыздың ең жоғарғы сомасы 35 млн теңгеге дейін;
- төлем қабілеттілігін міндетті түрде растау.
Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінің деңгейінен 5%-дан аспайтын ипотека бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 7% субсидияланады.
"Екінші деңгейлі банктер өз қаражаты есебінен құрылыс салушылардың бастапқы тұрғын үйіне және Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігімен қамтамасыз етілген салынып жатқан тұрғын үйге қарыз бере алады. Осы бағдарламаны іске қосу үшін заңнамалық өзгерістер қажет емес. Қазіргі уақытта бюджеттік өтінім Қаржы министрлігінің қарауында. Бюджет мақұлданғаннан кейін, Қазақстандық тұрғын үй компаниясы осы бағдарламаны дереу іске қосуға дайын", – деді Басқарма төрағасы.