1996 жылы ИКАО бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы БҰҰ жүйесі аясында 7 желтоқсанды Халықаралық азаматтық авиация күні деп ресми түрде мойындады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мерекеге байланысты, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш барлық авиация саласының мамандарын төл мерекелерімен құттықтап, осы атаулы күннің маңыздылығына тоқталды.
"Халықаралық Азаматтық авиация күнін тойлай отырып, біз қоғамды байланыстырудан және өмірлік маңызды тауарларды жеткізуден бастап миллиондаған адамдардың күнкөріс көздерін қолдауға және жаһандық экономикаға миллиардтаған доллар үлес қосуға дейінгі көптеген аспектілер бойынша, әуе тасымалының біздің әлем өміріне қосқан үлесін мойындаймыз", - деп жазды ол өзінің құттықтау сөзінде.
Айта кетейік, бұл мерекенің күні 1944 жылы ИКАО-ның құрылған күніне орай таңдалды. Алғаш рет 1994 жылы атап өтіліп, кейін жыл сайын тойлана бастады. Өйткені, дәл сол кезде 7 желтоқсанда Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға қол қойылғанына 50 жыл толды. Бұдан бөлек, бұл құжат халықаралық әуе тасымалына мүмкіндік беретін негізгі принциптерді белгіледі.
ИКАО, негізінен, әуе көлігіндегі Халықаралық экономикалық ынтымақтастықтың жалғыз әмбебап әлемдік институты болып табылады. Қазіргі уақытта ИКАО-ға әлемнің 187 мемлекеті кіреді. Сондай-ақ, Қазақстан 1992 жылы ИКАО-ға мүше болды.
Сонымен қатар, Қазақстанда транзиттік рейстерге қызмет көрсету және ИКАО стандарттарына сәйкес ұшу қауіпсіздігін арттыру үшін әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп келеді.
Мәселен, Тәуелсіздік жылдарында елімізде барлығы 22 әуежайдың ұшу-қону жолағы реконструкциядан өтіп салынды, сондай-ақ, 16 әуежайда жолаушылар терминалдары тұрғызылып, қайта жаңартылды.
Бүгінде, Азаматтық авиацияның мемлекеттік тізілімінде 915 әуе кемесі бар. Қызметті 55 қазақстандық пайдаланушы жүзеге асырып жатыр. Соның ішінде, тұрақты жолаушылар тасымалымен 5 әуе компанияның 90 ұшағы айналысады.
Ал, 2022 жылы барлығы 5 жоба іске асырылды. Атап айтқанда, Орал және Қостанай әуежайларындағы терминалдар, Өскемен, Үшарал және Үржар әуежайларының ұшу-қону жолақтары реконструкциядан өтті.
Сонымен бірге, биыл Алматы, Шымкент, Қызылорда және Қостанай қалаларында 4 жоба жүзеге асырылды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын, Балқаш қаласы әуежайының перронын және рульдеу жолағын реконструкциялау мәселесі талқыға салынды.
Қазіргі таңда, ішкі әуе тасымалдауды қазақстандық 5 тасымалдаушы жүзеге асырады. Аптасына 56 ішкі әуе бағыты бойынша, биыл 706 рейс орындалды.
Сонымен қоса, ұшу қолжетімділігін жақсарту және ішкі туризмді дамыту мақсатында елімізде авиамаршруттарды субсидиялау процесі қолданылып келеді.
Биыл 7 облыста 23 әуе жолына субсидиялау бойынша, Республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде, ішкі туристік бағыттарға басымдық берілді.
Ал, халықаралық жолаушылар әуе тасымалдарын дамыту үшін 2017 жылдан бастап "open sky" режимі енгізілді, нәтижесінде Қазақстанда жыл сайын жаңа халықаралық маршруттар ашылып жатыр.
Ресми мәліметтер бойынша, осы жылы 27 елге 103 авиамаршрут бойынша, халықаралық тасымалдарды 3 отандық, 26 шетелдік әуекомпания орындады. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштермен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары.
2023 жылғы көктемгі-жазғы навигация кезеңінен бастап Алматыдан Бодрум, Батуми, Ираклион, Подгорицаға және Астанадан Тбилиси мен Подгорицаға маусымдық рейстердің қайта басталғанын атап өткен жөн. Бұдан басқа, Астана – Бішкек, Ақтау – Ереван, Алматы – Самарқанд, Шымкент – Кутаиси бағыттары бойынша рейстерді қайта бастау жоспарланды.
Ал, 2024 жылдың көктемгі-жазғы навигациясынан бастап Малайзияның Air Asia X әуе компаниясы Куала-Лумпур қаласынан Алматыға, Тайландтың Thai Air Asia компаниясы Бангкоктан (Тайланд) Алматыға рейстерді ашуды қарастырып жатыр.
Сондай-ақ, халықаралық ұшу бағыттары бойынша, 2025 жылға дейін Мумбай, Гонконг, Вена, Токио, Сингапур, Нью-Йорк және басқа қалаларға рейстерді ашу жоспарлануда.
Жалпы, Халықаралық Азаматтық авиация күнінің мақсаты – мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін Халықаралық Азаматтық авиацияның маңызды рөлін бүкіл әлемде қалыптастыруға және тереңдетуге ықпал ету.
Мереке құрметіне орай, әлемнің түрлі елдерінде әуе шерулері ұйымдастырылып, кәсіби мерекенің кейіпкерлері теледидар мен радиода өнер көрсетіп, бұл кәсіптің қыр-сырын және азаматтық тасымалдаудың құрылымын көрермен назарына ұсынады. Ал құттықтауларға шенеуніктер, тіпті ел басшылары да жиі қосылады.
Басшылық үздік мамандарды марапаттап, бір жыл немесе тоқсан ішінде атқарылған жұмыстарды қорытындылайды. Авиация қызметкерлері конференциялар мен семинарларда қауышып, өзара тәжірибе алмасып, бұл саланы дамытудың алдағы көріністерін талқыға салады.
Өз кезегінде, Қазақстанның авиациялық билігі азаматтық авиация саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне шынайы алғысын білдіріп, бұл сала мамандарын төл мерекелерімен құттықтайды!