Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек құқықтарын қорғауға, өндірістік жарақаттануды төмендетуге бағытталған бірқатар құжаттар әзірлемек.
Ведомство басшысы Серік Шәпкенов айтуынша елімізде мамандар құқықтарын қорғау мақсатында кәсіпорындарға тұрақты мониторинг жүргізіліп отырады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"2020 жылы тексеру нәтижелері бойынша 4,4 мың жұмыс беруші 7 мыңнан астам құқық бұзушылықты жойды. 31 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды, оларға жалақы бойынша 4,2 млрд теңгеден астам берешек төленді. Сонымен қатар жалақы бойынша берешек мәселесі әлі де сақталуда. Ағымдағы жылғы 31 қаңтардағы жағдай бойынша 70 кәсіпорында қарыз 837 млн теңгені құрады. Банкрот немесе оңалтудағы кәсіпорындардағы берешек ерекше алаңдаушылық туғызады. Оның үлесі жалпы соманың 78%-ын құрады, яғни, 51 кәсіпорында - 655 млн теңге", – деді Серік Шәпкенов.
Министр сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету шеңберінде 2,7 мыңнан астам кәсіпорын халықаралық стандарттарды енгізгенін, 3 мыңнан астам өндірістік объект аттестатциядан өткенін хабарлады.
Құралай Құдайберген