Бурабайдың басымдығы – қысқы туризм

3617

Арқаның асыл моншағы туристерді жыл он екі ай қабылдайды.

Бурабайдың басымдығы – қысқы туризм

Ала жаздай адам арылмайтын Ақмола өңірі туристер үшін қысқы уақытта да тартымды. Бұл ретте, облыс басшылығы қысқы туризмді түлету мақсатында нақты шараларды қолға алып отыр. Мақсат – курорттық аймақтардың қыс айларында да жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырхановтың сөзінше, облыс аумағындағы санаториялық-курорттық кешендер қай жағынан болмасын қазіргі заман талабына сай келеді.

"Мұны жергілікті һәм шетелдік туристердің ауызынан талай мәрте естіп те жүрміз. Бұл ретте, қысқы туризмімен мақтанатын Щучинск-Бурабай курорттық аймағын жұртшылық жоғары бағалайды. Бүгінде бұл аймақта "Оқжетпес", "Алмаз", "Зеленый Бор", "Щучинский" санаторилары мен "Rixos Borovoe", "Парк Хаус Көкшетау", "Террасса Парк", "Самал" секілді мейманханалар көпшілік жиі келетін орынға айналды", – дейді басқарма басшысы.

Оның сөзінше, Щучинск-Бурабай курорттық аймағына келген қысқы спортқа құмар жандар еш зерікпейді. Өйткені мұнда, ЦСКА, "Нұр Тау" секілді шаңғы базалары жұмыс істейді. Сонымен қатар, "Ақ желкен" демалыс үйінде ұзындығы 300 метр болатын арқан жол мен тау-шаңғы трассасы бар.

"Ал қысқы белсенді демалысты қалайтындар үшін "Rixos Borovoe" мейманханасының аумағында вейк-парк ашылған. Ол жыл он екі ай бойы жұмыс істейтін Қазақстандағы алғашқы вейк-парк. Паркте қыста сноубордингпен, ал жазда вейкбордингпен айналысуға болады. Бұдан бөлек, "Қазақстандық Лапландия" мұз қалашығы, "Rixos Borovoe" аумағындағы үлкен сырғанақ, Бурабай кентінің орталық жағажайындағы, "Айнакөл" мейманханасы мен "Абылайхан" алаңындағы мұз қалашықтар балалардың сүйікті орынына айналды. Сондай-ақ "Дискавери-Боровое", "Звёздный", "Лесная сказка" балалардың сауықтыру орталықтары да балаларға шаттық сыйлауда", – дейді Шынарбек Батырханов.

Басқарма басшысының сөзінше, Жаңа жыл мейрамынан кейінгі алғашқы аптада Бурабайда 10 мыңға жуық адам демалып қайтқан. Жақын уақытта Бурабай өңірін ЮНЕСКО-ның ғаламдық геопрактер желісіне қосу жоспарланып отыр. Өңірдің ғаламдық желіге қосылуы мол мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл ретте, шетелдік қонақтар үшін қызықты бола түспек.

"Туристерді Бурабай ғана емес, Ақмола облысының өзге де көрікті жерлері қызықтырады. Мәселен, келушілерді Зеренді демалыс аймағы да ынтықтырады. Мұндағы "Сұңқар" сауықтыру кешені, шаңғы спортынан әуесқойлар одағы қонақтарды тәнті етпей қоймайды. Мұндай жыл сайын халықаралық Зеренді шаңғы марафоны ұйымдастырылады. Көкшетау қаласына жақын маңда әйгілі "Елікті Park" тау-шаңғы базасы орналасқан. Бұл да туристер жиі келетін жер. Тау-шаңғы базасында шаңғы, шана, коньки тебуге, қар кешкіш техникамен серуендеуге болады", – дейді облыстық туризм басқармасының басшысы.

Шынарбек Батырхановтың айтуынша, балық аулауды жаны сүйетін жандар үшін Қорғалжын ауданы таптырмас жер. Балық аулау – бұл аудандағы туризм мен демалыстың негізі. Мұнда балықшылар үшін арнайы үйшіктер, кішігірім қонақ үйлер қойылған. Келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Ақкөл және Сандықтау аудандарындағы шаңғы базалары да халық сұранысын өтеп тұр.         

"Отандық және шетелдік туристерді көптеп тарту мақсатында ірі жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте, трамплин кешені мен биатлон алаңы бар республикалық шаңғы базасының құрылысы жалғасуда. Бұйыртса, бұл жерде небір халықаралық жарыстардың жалауы желбірейтін болады. Заман талаптарына сай салынып жатқан шаңғы базасында шаңғы жарысын, биатлон, трамплиннен секіру секілді спорт түрлерінен жарыстар өткізуге мүмкіндік бар. Шаңғы базасының инфрақұрылымына шаңғы трассасы, биіктігі 90 және 125 метр болатын трамплин жатады", – дейді басқарма басшысы.

Оның мәліметінше, Щучинск қаласында тау-шаңғы кешенін салу жоспарлануда. Сондай-ақ Бөлектау тауынан Туфелька шыңына дейін аспалы көпір орнатылмақ. Ал екі шыңның арақашықтығы шамамен 200-250 метр. Бұдан бөлек, аквапарк, Бурабай өзеніне барар жолдағы серпантиннің аумағына ұзындығы 300-350 метр болатын шыны көпір салынбақ.

"Бурабай курорттық аймағы қысқы туризмнің экстримальды түрлерін дамытуға қолайлы аймақ. Бұл жер тау-шаңғы спорты мен альпинизмге құмар туристерді әрдайым қызықтырады. Қалыңдығы 30-50 сантиметр болатын қар қаңтардан наурыз айына дейін шаңғы, шаңа тебуге мүмкіндік береді. Әсіресе, бұл жерге келген жастар сноуборд, фристайл секілді спорт түрлерімен шұғылданып, бір жасап қалады", – дейді Шынарбек Батырханов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу