Адвокат мамандығын "Дипломмен ауылға" бағдарламасына енгізу қажет – Айдын Бикебаев

620

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев саладағы мәселелерге қатысты ұсыныстарын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Адвокат мамандығын "Дипломмен ауылға" бағдарламасына енгізу қажет – Айдын Бикебаев Фото: inform.kz

"Біз Қазақстандық адвокатураны дамыту тұжырымдамасын (2022-2025 жылдарға арналған) әзірледік. Ең алдымен, адвокатураның толыққанды кәсіби тәуелсіздігі тұрғысында қалай және қай бағытта әрекет істеу керек екенін анықтағымыз келді. Құжатты талқылау былтыр желтоқсан айында басталды. Адвокаттар кең ауқымда қатысып, биыл сәуірде Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы тұжырымдаманы бекітті. Тұжырымдама 16 бөлімнен тұрады. Оның ішінде "мықты адвокатура", "адвокатураның тәуелсіздігі", "адвокат пен прокурордың тепе-теңдігі", "адвокат мәртебесін нығайту", "адвокаттың тиісті еңбекақысы", "адвокат қызметінің нақты кепілдіктері", "адвокаттардың әлеуметтік мәселелері" секілді бағыттарды шешу жолдары қамтылды", – деді Айдын Бикебаев Мәжілісте адвокатура тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында.

Оның айтуынша, мықты адвокатура бағытында Республикалық адвокаттар алқасының органдарын қайта жасақтау, ынталандыру жүйесін енгізу және олардың жұмысын демократияландыру ескерілген.

"Біз жұмыс органдарын қайта құрдық, осы орайда ғылыми-консультативтік кеңесіміз бар. Сонымен қатар адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиямыз жасақталған. Қазіргі кезде олар жақсы жұмыс істеп жатыр. Биыл олардың ережелерін қайта бекітіп, қаражат бөлдік. Жұмыс органдарының шешімдері мүшелердің пікірлерін ескере отырып, алқалы тәртіпте қабылданады", – деді А.Бикебаев.

Оның сөзіне қарағанда, адвокатураның тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін үш негізгі мәселені шешу керек.

"Біріншіден, адвокаттарға қатысты тәртіптік іс жүргізу мәселелерін адвокатураға толығымен беру. Қазіргі кезде адвокат өз мамандығынан екі жолмен мәжбүрлеп шығарылуы мүмкін. Осы орайда Әділет министрлігі талап қойған кезде және адвокаттардың тәртіптік комиссиясының шешімі негізінде іске асырылады. Біз тәртіптік комиссиясының шешімі бойынша ғана қарауды ұсынамыз. Республикалық адвокаттар алқасы жанында 11 мүшеден тұратын тәртіптік комиссия бар. Екіншіден, мамандыққа кіру мәселесін шешуді де адвокаттарға беру керек. Аттестаттау жөніндегі комиссия мүшелерінің басым бөлігі, яғни оның төрағасын қоса алғанда міндетті түрде адвокат болуы тиіс", – деді Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы.

Сонымен қатар ол Республикалық адвокаттар алқасының ішкі нормативтік актілерін өкілетті органмен келісуді алып тастау керек деді.

"Адвокаттың тәуелсіздігі бойынша тиісті ұсыныстарды даяндадық. Адвокаттардың еңбекақы деңгейін айқындау кезінде мемлекет кепілдік беретін заң көмегі жүйесі бойынша қылмыстық процесті жүргізетін органдарға тәуелділігін алып тастау қажет. Қазіргі уақытта тергеуші мен судья адвокаттың еңбекақы деңгейін анықтайтын қаулы шығарады. Адвокаттардың құқықтары мен кепілдіктерін бұзу жөніндегі шағымдарды қараудың арнайы тәртібі белгіленуі тиіс. Мұнымен қоса, салық салу саласындағы адвокаттарды кемсітетін нормаларды жою керек. Бұдан бөлек, адвокаттың жұмысына төмен ақы төлеу тәртібін де жойған жөн. Бұл проблемаларды шешпесек, мемлекет адвокаттардың мәселесіне бет бұрды деп айту қиын", – деді Айдын Бикебаев.

Оның пайымынша, адвокат мамандығын "Дипломмен ауылға" жобасына енгізу керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу