АӘК тағайындауда отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімі ұзартылған

1147

2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңартылған тетіктері күшіне енді.

АӘК тағайындауда отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімі ұзартылған

АӘК төлеудің жаңа тетіктері, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту шаралары туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары Аяжан Жанғабылова айтып берді, деп хабарлайды primeminister.kz. 

Оның айтуынша, жаңартылған атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау шарттарында ең аз күнкөріс деңгейінің 70%-ын тағайындау шарты бұрынғыдай болып қалды. 

Ал отбасының табысын анықтау жөніндегі учаскелік комиссиялардың отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімі 3 күннен 7 күнге дейін ұзартылған. Себебі, өткен жылы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алу үшін азаматтардың өз табысы мен бизнесін жасыру фактілері орын алған еді: 2019 жылы өзінің нақты табысын жасырған 73 мыңнан аса отбасына АӘК заңсыз тағайындалған.

"Осындай келеңсіздіктерге жол бермеу мақсатында учаскелік комиссиялардың құзыретіне жаңа критерийлер енгізілді. Сол критерийлер бойынша отбасылардың мұқтаждық деңгейі анықталатын болады", – деді Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары. 

Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін отбасының кірісін есептеуде де жаңа тетіктер қарастырылған. Атап айтқанда, мүгедек балаларға төленетін жәрдемақыны, студенттердің шәкіртақыларын, "Алтын алқа", "Күміс алқа", "Батыр Ана" атақтарымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақыларды, кепілдік берілген әлеуметтік пакетті қоспағанда, еңбек қызметінен түскен табыс пен жәрдемақының барлық түрлері ескерілетін болады. 

"Отбасы шағын несие мен грант алған жағдайда алғашқы 6 айдан кейінгі табысы кіріс ретінде ескеріледі. 2019 жылы Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша бірқатар санаттағы азаматтардың борыш жүктемесі төмендетілген еді, бұл да отбасының табысы ретінде есептелмейді", – деді   

 Тиісті заң актілерінде көрсетілген осы және өзге де шарттардың барлығы биылғы жылдың 5 қаңтарынан бастап күшіне енді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу