Абай облысындағы алапат өрт біраз былықтың бетін ашты

684

Орман өртеніп, адамдар тірідей жанып кетіп жатқанда жол салып, әуре боп жатқандар жазаланады, деді Президент.

Абай облысындағы алапат өрт біраз былықтың бетін ашты Фото: inbusiness.kz

Абай облысындағы алапат өрт біраз былықтың бетін ашты. Соның бірі жылдар бойы жөндеу көрмеген жол мәселесі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Атамекен бизнес" арнасының тілшісі Жанболат Санияздың отқа оранған аймақта көтерген осы бір проблемасы ел арасында үлкен резонанс тудырды. Тіпті, Президенттің де назары ауды. Осыдан кейін Тоқаев өзі келерде аяқ астынан жол салатындарды жазалайтынын айтты.

Абай облысы мен аудан әкімдігінің өкілдері жазбаның астына пікір де қалдырып үлгерген. Сонда бізге: "жол Президент үшін емес, өрт сөндірушілер үшін төселіп жатыр. Көлікпен жүріп-тұруға ыңғайлы болсын" деп жазып кетті.

Сонда қалай?! "Бұл жұмысты бұған дейін істеуге не кедергі келтірді?" деген сұрақ туындайды. Біздің бар мақсатымыз жылдар бойы шешілмей келе жатқан жол проблемасын Президентке қалай да жеткізу еді. 

Мақсатымыз орындалды.

"Көріп, біліп отырмын. Бір күнде жол салатындарды жазалаймын", - деді Тоқаев.

"Бұл бірінші мәселе президент Тоқаев "еститін мемлекет" концепциясын өзінен бастайтынын, айналасындағы, құзырындағы үкіметке көрсеткен бір әрекеті болды деп бағаласақ дұрыс болатын шығар. Яғни, "міне, мен естідім. Үкімет сендер де естіңдер. Естіңдер және іске көшіңдер" деген бір месседж деп қабылдасақ болатын шығар", - деді сарапшы Нұргелді Әбдіғани.

Қайғыдан қан жұтып отырған жұрт та шұрық тесік жолдардың жайын ашына айтты. Себебі, әбден діңкелерін құртқан. Жергілікті биліктің құрғақ уәдесі шаршатқан. Үкіметке де өкпелі. Ешкім тыңдамайды, естімейді. Аза тұтушылардың Президентке айтқан әрбір сөзі "неге?" деген сұрақтан тұрды.

"Президент келген кезде, бұл халықтың тікелей осындай мәселелердің барын ең жоғарғы эшалондағы азаматқа жеткізудің бір мүмкіндігі деп түсінуге болады. Тіпті, қайғы жұтып отырған отбасының әлеуметтік жағдайда осындай деңгейде айтып қалуының өзі расында да мәселелердің шешімінің таппағанын білдіреді. Бірақ әлеуметтік мәселелердің шешудің жолы бар екенін біз кеше көрдік", - дейді саясаттанушы Асхат Қасенғали.

"Өкіншке қарай, біз осы Абай облысындағы жол мәселесін ғана көріп отырмыз ғой. Ал, шын мәнінде, Қазақстанда 5-6 мыңға жуық елдімекен бар болса, солардың әрқайсысында осындай мәселе бар. Яғни, өмірі жол көрмеген ауылдарды есептейтін болса, біз 100 емес, мыңдап есептейміз", - деді сарапшы Нұргелді Әбдіғаниұлы.

Иә, Президенттің құлағына жеткен, үн қатқан әрі ел арасында үлкен резонанс тудырған осы мәселе болды. Бір ғана өрт өңірдегі біраз былықтың бетін ашты. Бұл – жемқорлық. Креслоны меншіктеп алған шенеуніктер. Өңірді күйреткен әкімдер.

"Екі әкімнің де жауапкершілігі бар. Қазіргі және 9 жыл басқарып келген Даниал Ахметовтың де жауапкершілігі бар", - деді саясаттанушы Асхат Қасенғали.

Президент келеді десе, қызыл кілем төсеп, жақсы жерлерді аралатуға дағдыланған. Бірақ, орман өртеніп, адамдар тірідей жанып кетіп жатқанда жол салып, әуре боп жатқандарға таңбыз. Өмірі асфальт көрмеген тұрғындар да таңданысын жасырмады. Айтпақшы, бұған бюджеттен бір тиын бөлінбеді, дейді аудан әкімдігі. Демек жергілікті билік ақшасыз-ақ, мәселені шеше алады. Қысқасы, жыл аяғына дейін бұл аймақ біздің бақылауда болады. Жолдың мәселесі мұнымен, бүгін-ертең біте қоймасы анық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу