АЭС салуға 5,7 трлн теңге жұмсалмақ. Самұрық-Қазынаның жаңа инвестициялық жобалары

685

"Самұрық-Қазына"  Қоры басым инвестициялық жобаларының екінші пакетін жариялады. 

АЭС салуға 5,7 трлн теңге жұмсалмақ. Самұрық-Қазынаның жаңа инвестициялық жобалары Фото: inbusiness.kz

Тізімге жалпы құны 19 трлн теңгені құрайтын  18 бастама кірген. Бұл бастаманы ҚР Үкіметінің инвестициялық штабы бекіткен. Айта кетерлігі жобаларға жұмсалатын қаражаттың басым бөлігін  Қор қарызға  алмақ, деп жазады inbusiness.kz Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тізімдегі 18 жобаның 7-і газ, көмір, атом және жаңартылатын энергияны дамыту арқылы электр энергиясын өндірумен байланысты.

Атап айтқанда Екібастұздағы ГРЭС-1 станциясында екі жаңа көмір энергоблогы іске қосылады. №3 станциядағы энергоблоктың құны 449 млрд теңге, оның 371 млрд теңгесі немесе 82,8%-ын Қор қарызға алмақ. №4 блокқа қажет 786 млрд теңгенің 75% қарыз қаражаты болады.

Сондай-ақ, Екібастұзда жаңа ГРЭС-3 станциясын салу жоспарланып отыр, ол таза көмір технологиясы негізінде іске қосылмақ, жобаның құны әлі анықталмаған.

Түркістан облысында екінші газ электростанциясын іске қосу жоспарланып отыр, оның құны  450 млн доллар деп бағаланып отыр, ол қаражаттың қанша бөлігі үшін қарыз құралдары тартылатыны әлі анықталмаған.

Үлкен Алматы ауылында атом электр станциясы салынады. Қазір, құрылыс мердігері мен технологияны жеткізушіге іріктеу жүріп жатыр. Жобаның құны 5 трлн 760 млрд теңге, қаржы көзі әлі анықталмаған.

Сондай-ақ, әрқайсының қуаты 1ГВт екі ірі жел станциясын салу жоспарланып отыр. Оның біріне Total Eren француз компаниясы тартылмақ, жоба құны 1,9 млрд доллар, оның 1,4 млрд доллары қарызға алынады. Екінші жоба Сауд Арабиясының ACWA Power компаниясымен бірге.

Аягөз станциясынан бастап Қытай шекарасындағы Бақты станциясына дейін, екі ел арасындағы үшінші теміржол өткелі салынады. Жобаға қажетті 321 млрд  теңге қарызға алынады.

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында Өзбекстанмен арадағы Дарбаза станциясына да темір жол салынады. Оған қажетті 162 млрд теңге облигацияны биржада орналастыру арқылы қарыз тартумен табылады, деген жоспар бар.

Сондай-ақ, Каспий түбі арқылы талшықты-оптикалық байланыс арнасын жүргізу жоспарланып отыр. Жобаның құны әзірге белгісіз. "Қазақтелеком" мен "AzerTelecom" жобаны әзірлеп, жобаға қатысу механизмдерін нақтылап жатыр. Қор өкілдерінің мәліметінше қаржыландыру жеңілдікпен несиелеу немесе мемлекет субсидиясы түрінде жүзеге асуы да мүмкін.

"Самұрық-Қазына" инвестициялық жобаларының тізімін сілтемемен көруге болады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу