"Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Қаржы қызметтерін реттейтін комитеті директорлар кеңесінің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында комитеттің АХҚО-ның тәуелсіз қаржы реттеушісі қызметін атқаруын қамтамасыз ететін негізгі басқарушылық шешімдер қабылданды, сонымен қатар, АХҚО қатысушыларын тіркеу, аккредитациялау мәселелері бойынша актілер қаралды. Директорлар кеңесі құрамына қаржы саласы мен қаржы нарықтарын реттеу бойынша тәжірбиесі мол халықаралық деңгейдегі жоғарғы кәсіби мамандар - Ұлыбританияның банкирлер қауымдастығының бұрынғы басшысы Анжела Найт, IOSCO ұйымының бұрынғы бас директоры Грегори Танзер, Ғаламдық даму орталығының президенті Масуд Ахмед, Гарвард университетінің аға лекторы Акаш Дип, Еуропалық Орталық Банк консультанты Иен Савиль сынды мамандар енді. Директорлар кеңесі комитеттің ең жоғарғы органы, ол атқару органын, жалпы басшылықты қадағалап және стратегиялық бағыттарды айқындап отырады.