Ақбөкендер саны реттелетін жануарлар тізіміне енгізілді

422

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрінің 19 қыркүйекте бұйрығы шыққан.

Ақбөкендер саны реттелетін жануарлар тізіміне енгізілді Фото: google.com

Ғалымдар киіктер санын реттеуге биылдан кешікпей кіріскен жөн дейді. Түз тағысының 20 пайызын атуға, аулауға рұқсат етуді ұсынған. Не себепті мұндай шұғыл шаралар қолданылуы қажет, ауланған жануарларды кейін қайтеміз?

Отандық ғалымдардың ойынша, "Киікті сақтап қалу үшін де оның санын реттеу керек". Себебі жануардың қай түрі де шектен тыс көбейгенде, жұқпалы ауру тарап қырылуы жиі кездеседі. Мысалы қазір Батыс Қазақстан аумағында ғалымдар есебінше 2 млнннан астам киік жүр. Ал табиғи өлшеммен алғанда олардың саны 500 мың көлемінде болуы тиіс. Егер осынша көп жануардың арасында жұқпалы індет тараса, оны ауыздықтау қиынға соғады. Ақ бөкендер жүз мыңдап қырылады. Экологияға орасан зор зиян келеді. 

"Киіктің де бруцеллез сияқты аурулармен ауыратын, сібір жарасы сияқты аурулармен ауыратыны белгілі.  Олар қазір ауылдардың арасында жүр деп жатырмыз, ауылшаруашылық малдарымен араласып жүр. Алда соғым күздіктің кезі келе жатыр ондай малдың етін жеген халықтың жағдайы не болады. Сол себепті мұны шұғыл түрде қолға алу керек", - деді Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әлжан Шәмшідін.

Экология министрлігі жақында  ақбөкендерді санын реттеу туралы бұйрық шығарды. Экологтардың сөзінше, бұл киелі киіктерді жаппай қыру, аңшылық, саятшылық құру емес дейді.

"Өзі бұйрықтың атауы көрсетіп тұрғандай адамның денсаулығына зиян келсе, қоғамға зиян келсе сондай жағдайларда атуға болады деген мақсатта көрсетілген. Фермерлерді жауапкершілікке тартпау үшін осы бұйрыққа өзгеріс пен толықтырулар енгізіліп отыр. Оны ертең аулауға рұқсат беріп күзде бәрі аңшылыққа шығып жүреді деген емес", - дейді Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Мәлікова.

Ал, Батыс Қазақстан облысында ақбөкендерді өнеркәсіптік мақсатта пайлануға қызу әзірлік басталған.  200 бас киікті аулауға рұқсат беріледі дейді жергілікті басшылық.  Кәсіпорындар ақбөкенді сойып, өндеп және сақтауға дайын.

"Ет жергілікті 3 зауытта өңделеді. Екі аусымда 2 мың бас, 30 күнде 60 мың, 2 айда 120 мың бас киікті союға мүмкіндік бар", - дейді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зулкашев.

Киіктің шектен тыс көбеюінен шаруалар биыл 12 млрд теңге шығын шеккен. Егістік таптап, шабындықты тақырлап өтті. Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде киіктің жалпы саны 1 миллион 915 мыңға жетті. Ал жыл соңында шамамен 2,6 миллионға дейін өседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу