Мамандар осыдан 15 жыл бұрынғы пастереллез эпизоотиясының қайталану қаупі бар екенін ашық айтып отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Депутат Нартай Сәрсенғалиев елде киіктің өлімі көбейгенін мәселе етіп көтерді. Оның сөзінше, қазір жергілікті жұртшылық киіктің де, малдың да өлексесін өртеуге мәжбүр.
– "Киіктердің үй жануарларымен бірге жайылуынан листериоз, аусыл, бруцеллез сынды аурулар пайда болуы мүмкін" дейді мамандар. "Мыңдаған киіктің өлексесі далада түрлі ауруға себеп болмасын" деп мамандар оларды ауылдардағы мал молаларына тастауда. Салдарынан қазір елді мекендердегі мал молалары толып қалған, киік тұрмақ ауылдың өлген малын тастайтын жер жоқ. Қазір өлген киікті де, малды да азаматтар өртеуге мәжбүр. Мұның соңы қандай болуы мүмкін екенін іштеріңіз сезіп отырған шығар, – деп ашынды халық қалаулысы.
Сөз арасында депутат ақбөкеннің санына қатысты ағайынның арызы Мәжілістің төрінде бір емес, бірнеше рет айтылғанын жеткізді. Десе де, Үкімет үкім етуге әлі асығар емес.
– 2023 жылы киік санын реттеуді қолға алған Үкімет жарты жылдан соң ол әрекетін сап тыйды. Ағайын ақбөкенмен бетпе-бет қалып кетті тағы. Былтыр Мемлекет басшысы қазақ даласының символы саналатын ақбөкендердің көбеюіне тосқауыл қоятын шешімнің күшін жойып, оған тыйым салғанын бәріміз көрдік. Расында, киіктің киесі барын қазақ жақсы біледі. Сондықтан, қарапайым халықтың шаруасынан шашау шығармайтын және ақбөкеннің обалына қалмайтын, ұлан-ғайыр даланы киік үшін оқ пен оттың ортасы қылмайтын ортақ жұмыстар атқарылуы керек, – деп сөзін нақтылады Нартай Сәрсенғалиев.
Бұған дейін депутат "Киіктің киесі ұрмасын десек, нақты шешім қабылдау қажет" деп ашық айтқан еді.