Киіктің киесі ұрмасын десек, нақты шешім қабылдау қажет – Нартай Сәрсенғалиев

Халық қалаулысының депутаттық сауалы – ақбөкенмен бетпе-бет қалған ағайынның арызы.

Киіктің киесі ұрмасын десек, нақты шешім қабылдау қажет – Нартай Сәрсенғалиев Фото: Мәжіліс

БҚО-да киіктердің шамадан тыс көбейіп кетуі шаруаларға кедергісін келтіруде, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Нартай Сәрсенғалиевтің сөзінше, 500 мың бас киік сиятын аумақта қазір 2,3 миллионнан аса ақбөкен бар. 

– Киіктің киесін бала кезден білетін ел қару алып қара жерді қанжоса қылмайды. Бірақ, тірлігі төрт түлікке қараған ағайынның "алдағы жылдары тігерге тұяғы қалмай ма?" деген қауіп бар. Мәселе – жалпы, себеп – жалқы. Ол – ақбөкеннің саны. Нақты деректерді санамалап берейін, Батыс Қазақстан облысының 7 ауданы киіктің тұрағына айналды. Ол – Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы, Жаңақала, Ақжайық, Тасқала және Бәйтерек аудандары. Ғалымдарының биологиялық негіздемесі бойынша, БҚО ең көп дегенде 500 мың бас киікті сыйдыра алады. Ресми дерекке сүйенсем, 2024 жылы облыстағы киік саны төлімен қоса алғанда 2,3 миллионнан асқан. Алдағы екі жылда киіктің саны 5 миллионнан асады деген болжам бар, – деді депутат. 

Негізінен, батыстағы ақбөкеннің санын реттеуге келгенде жауапты органдар мойынына жауапкершілік алмай тұр.

Депутат, киіктің киесі ұрмасын десек, биыл нақты шешім қабылдау қажет екенін айтады. Себебі, ақбөкенмен адамды жайылымға таластырудың салдары ауыр болуы мүмкін. 

– Қазір жағдай ушығып тұр. Тірлігі төрт түлікке қараған ел жайылымды киік жайпап кеткесін малдарын жаппай сатып ауылдарын тастап көшуге айналған. Нақты дерек, 2023 жылы БҚО-ғы 921,7 мың га жерді киік таптап тастаған, оның ішінде егістік алқап, шабындық пен жайылым жер бар. Салдарынан 2024 жылы БҚО-ның 4 ауданында (Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек және Казталов) төтенше жағдай жарияланды. Халықтың алдындағы малы қырылып қалмасын деп облыстық бюджетке қол салуға тура келді. Былтыр жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруаларды мал азығымен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен 4,2 млрд теңге бөлінді. Бұл – бір реттік шара. Биыл ақбөкеннің саны артып, былтыр тұяққа тапталған жердің тақырға айналатынын ескерсек шаруалардың шаруасы шатқаяқтап қалмау үшін аталған қаржыны екі еселеуге тура келеді. Бірақ оны облыстың бюджеті көтере алмайтыны анық қазір, – деп ашынды халық қалаулысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу