Ақмола облысында 2020 жылдың қаңтар-мамыр айларында тұрғын үй құрылысына 24,7 млрд теңге инвестиция салынды, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
"2020 жылы Ақмола облысында қаржыландырудың барлық көздері есебінен 570 мың шаршы метр немесе 5300 тұрғын үй салу міндеті тұр. 5 ай ішінде өңірде тұрғын үй құрылысына 24,7 млрд теңге инвестиция бағытталып, жалпы 239,3 мың шаршы метр болатын 2085 тұрғын үй пайдалануға берілді. "Нұрлы жер" тұрғын үй-коммуналдық дамыту мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл өңірде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысына 10,4 млрд теңгеге 49 жобаны іске асыру көзделген. Сонымен қатар 595 жұмыс орны ашылады. 49,4 мың шаршы метр немесе 1 002 жалға берілетін және ипотекалық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған", – деп жазылған хабарламада.