АҚШ Әділет министрлігі жұмысқа орналасу кезінде кемсіту әрекеттері үшін SpaceX компаниясын сотқа берді

340

2016 жылы Илон Маск заң бойынша компания шетелдіктерді жалдай алмайды деп мәлімдеді, онысы дұрыс емес болып шықты. 

АҚШ Әділет министрлігі жұмысқа орналасу кезінде кемсіту әрекеттері үшін SpaceX компаниясын сотқа берді Фото: Курс валют

АҚШ Әділет министрлігі Илон Маск бастаған SpaceX компаниясына босқындарды жұмысқа қабылдау кезінде кемсіту әрекеттеріне қатысты сот ісін қозғады, деп хабарлайды Inbusiness.kz CNN-ға сілтеме жасап.

"Кем дегенде 2018 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың мамырына дейін SpaceX босқындар мен азаматтығы жоқ адамдарға өтініш беруге үнемі кедергі келтірді және қолданыстағы иммиграция туралы заңдарды бұза отырып, азаматтық мәртебесіне байланысты оларды жұмысқа қабылдаудан немесе олардың кандидатураларын қараудан бас тартты", — делінген Әділет министрлігінің сот ісінде.

Сондай-ақ, сот SpaceX өзінің жұмыс туралы хабарландыруларында экспортты бақылау туралы федералды заңдарға байланысты компанияда тек жасыл карта иелері мен АҚШ азаматтары жұмыс істей алады деп жалған ақпарат таратқан.

Халықаралық қару-жарақ саудасы (ITAR) ережелері сияқты арнайы заңдар бар, олар ғарыш аппараттары мен зымырандар шығаратын компанияларға қолданылады және ұлттық қауіпсіздік мақсатында шетелдік азаматтардың осы аппараттар туралы негізгі ақпаратқа қол жетімділігін шектейді.

Алайда, ITAR сияқты заңдар SpaceX-ке АҚШ-та тұруға және жұмыс істеуге рұқсат мерзімі аяқталмаған босқындарды жалдауға кедергі келтірмейді және олар АҚШ азаматтарымен тең құқықта қызмет ете алады, делінген Әділет министрлігінің сот ісінде.

"Біздің тергеуіміз SpaceX баспана іздеушілер мен босқындарды азаматтығына байланысты кемсітіп, олардың біліктілігіне қарамастан жұмысқа орналасуға тыйым салғанын анықтады, яғни компантя федералды заңнаманы бұзды", – деді Әділет департаментінің азаматтық құқықтар бөлімінің Бас прокурорының көмекшісі Кристен Кларк мәлімдемесінде.

Әділет департаменті SpaceX-ке тергеу туралы алғаш рет 2020 жылдың 8 маусымында хабарлады. Сот SpaceX тергеуге қатысты құжаттарды ұсынбады деп мәлімдейді және судья 2020 жылдың 1 желтоқсанында компанияның шақыру қағазын қайтарып алу әрекетінен бас тартты. Нәтижесінде, сот құжаттарына сәйкес, SpaceX 2021 жылдың тамызында құжаттарды ұсыну туралы өтінішті орындады.

2016 жылы Мексиканың Гвадалахара қаласында өткен Халықаралық астронавтика конгресінде сөйлеген сөзінде тыңдаушылардың бірі Масктан SpaceX неге тек американдықтарды жалдайтынын сұрады.

"Өкінішке орай, бұл бізге байланысты емес. Егер сіз зымыран технологиясымен жұмыс жасасаңыз, бұл қару-жарақтың озық технологиясы болғандықтан, қорғаныс министрінен арнайы рұқсат алмасаңыз, әдеттегі жұмыс визасының өзі жеткіліксіз. Менің ойымша, бұл АҚШ үшін ақылға қонымсыз саясат, өйткені бүкіл әлемде біз өз компаниямызға қуана қабылдайтын талантты адамдар өте көп. Бірақ олар жасыл картаны алмайынша, біз заңды түрде ешкімді жалдай алмаймыз",-деді Илон Маск сол кезде.

Экспорттық бақылау мәселелеріне маманданған иммиграциялық заңгер Джонатан Гроуд SpaceX сияқты компанияларға шетелдік азаматтарды жалдауға мүлдем тыйым салынбайды деп санайды. Алайда, жұмыс берушілер шетелдік азаматтарға белгілі бір виза сұрауға немесе ITAR шектеулеріне қатысты Үкіметтен рұқсат алуға мәжбүр және SpaceX бұл жолмен жүрмеуге толық құқылы.

"Алайда ITAR шектеулері босқындарға әсер етпеуі керек. SpaceX-тің ITAR-ны байқаусызда бұзудан аулақ болуы және жұмысқа қабылдау кезінде консервативті ұстанымды ұстануы іскерлік қызығушылыққа байланысты. Егер компания экспорттық бақылау талаптарын қате бұзса, бұл оның NASA және Қорғаныс министрлігімен кең ауқымды мемлекеттік келісімшарттарына қауіп төндіруі мүмкін", – деді Джонатан Гроуд.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу