АҚШ ғалымдары қатерлі ісікті лезде анықтайтын жаңа технологияны ойлап тапты, деп хабарлайды 24.kz.
Қаламсап тәріздес құрал адам ағзасындағы обырды бірден зерттеп, дертті 96 пайыз дәлдікпен көрсетеді. Ол үшін құралдағы тамшы су адам жасушасымен байланысқа түсіп, ағзадағы ақуыздар, липидтер сияқты басқа да заттарды тексереді. Сөйтіп қандай молекуланың сау, қандай қатерлі ісікке шалдыққанын айырып береді. Ал мамандар адам ағзасындағы 250-ден астам түрлі обыр жасушасын зерттеп, сау жасушамен салыстырған. Сонымен қатар құралды қатерлі ісікке шалдыққан тышқандарға да қолданып көрген. Алайда елдің азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылайтын құзыретті органы оны пайдалануға әзірге рұқсат берген жоқ. Ал ғалымдар енді зерттеулерін емханаларда жүргізуді жоспарлап отыр.
"Қазір медицинада қатерлі ісікті анықтау үшін жарты сағаттан 2 аптаға дейін уақыт кетеді. Ал мына қаламсап тәріздес құрал арқылы дерт туралы ақпаратты 10 секундтың ішінде алуға болады. Бұл – үлкен жетістік", - дейді ғылыми қызметкер Марта Санс Эскофет.