Ақтауда ата-аналар балаларын мектепке бере алмай жүр. Өйткені, облыс орталығындағы жаңа ықшам аудандарда мемлекеттік мектеп пен балабақша жоқтың қасы, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ал жақын маңдағы білім ордалары лық толы. Сондай-ақ, ата-аналар ақылы мектептің көбейіп кеткеніне наразы. Сонымен, күздің қамын жазда ойлаған көпшілікке не істемек керек? Көпбалалы отбасыларға ақылы мектеп қаншалықты қолжетімді?
17-ші шағын аудан - бас жоспарға бекітілген аумақтың бірі. Осыдан бес жыл бұрын жергілікті әкімдік қызметкерлері мұнда мемлекеттік мектеп пен балабақша салынатынын айтқан. Тіпті, жер телімдері де белгіленген. Алайда, әлі күнге дейін қара жерде қиыршық таста жоқ.
"Ақтау қаласының бас жоспары бойынша балабақшаның орны. Сол балабақшаның орны біз білмейміз қалай екенін, ауысып кеткенін. Бірақ жекеменшік мектеп болып ауысты. Ол жерде қазір ақылы мектеп салынып жатыр", - дейді қала тұрғыны Жанира Рашидқызы.
Расында, әу баста мемлекеттік меншіктегі нысанға арналған жер телімінде кенеттен ақылы мектеп салына бастады. Қымбатшылық қысқан кезеңде бұл да ата-ананың қалтасына едәуір салмақ. Ал жақын маңдағы мектептер оқушыға лық толы.
"Сонда бізді 17-ге алмаса, ана микрорайонға алмаса сонда балалар қайда барады? Айтыңызшы? Мына жерге бәріне частный мектеп ашып тастаған мына жерге поликлиниканың қасында да частный мектеп айына 60 мың теңге. + Сонда біздің государственный мектеп қайда?" - дейді қала тұрғыны Гүлгүл Балмұрзиева.
Көпбалалы ата-аналар ақылы білімді көтере алмайтынын айтады. Сондай-ақ, бастауышқа баратын оқушылардың қауіпсіздігі үшін де алаңдайды. Сондықтан, уәде етілген үкіметтік білім ордасын салуды талап етіп отыр. Қала басшылығы мәселені бақылауға алады. Бірақ, қарекет қылған кәсіпкерге тосқауыл болмайды. Себебі, ол осыдан 10 жыл бұрын тиісті рұқсат құжатты рәсімдеп алған.
"17-ші шағын ауданда орналасқан 25-участок қазіргі таңда бас жоспарға сәйкес балабақша және бастапқы сынып мектебінің құрылысына арналған. Және де бүгінгі таңда жүріп жатқан құрылыста барлық рұқсат құжаттары рәсімделген", - дейді қалалық құрылыс және сәулет бөлімінің сектор меңгерушісі Қуаныш Сембаев.
Білім мәселесі шаһардың жаңа ықшам аудандарында өзекті. Демографиялық өсімнің нәтижесінде бірнеше мектеп үш ауысымда оқиды. Айта кету керек, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында биыл 6 мектептің құрылысы басталуы тиіс еді. Артта жарты жыл өтсе де айтарлықтай өзгеріс жоқ...