Ақтауда қандаланы улау салдарынан тағы 5 адам зардап шекті

362

Олардың арасында 3 бала бар. 

Ақтауда қандаланы улау салдарынан тағы 5 адам зардап шекті Фото: inbusiness.kz

Ақтауда қандаланы улау салдарынан тағы 5 адам зардап шекті. Бұл туралы Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және денсаулық сақтау басқармасы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz lada.kz порталына сілтеме жасап.

Оқиға 26 қазан кешкі уақытта 3а шағын ауданындағы 25 үйде болған.

Пәтерлердің бірінде қандалаға қарсы дәрі себу салдарынан бес адам зардап шекті, олардың үшеуі – балалар.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Әсима Жарылғасованың сөзінше, пәтер иесі базардан сатып алған күкіртті ұнтақпен үйді дезинфекциялаған.  

"Сағат 21:20-да 3а шағын ауданындағы пәтерде зарарсындандыру жұмыстары жүргізілгені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына мамандар аттанды. Өңдеу жұмыстары қандай дәрімен жүргізілгенін анықтадық. Барлық көршіге ескертілді, қала әкімінің көмегімен адамдарды эвакуациялау жұмыстары ұйымдастырылды. Алайда көрші пәтерлердегі тұрғындар үйден кетуден бас тартты. Оларға салдары туралы ескертілді. Оқиға орнында ТЖМ мен полиция қызметкерлері де болды", - деді ол.

Айтуынша, 5 адам медициналық көмекке жүгініп, амбулаториялық ем алуға жіберілді.

Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының баспасөз қызметі зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет берді.

"Екі адам облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілді. Оларға амбулаториялық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілді", - делінген хабарламада.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккен балалардың жағдайына тоқталды.

"Балалар бөлімшесіне бір отбасынан шыққан үш бала жүгінді. Екі балада белгілер болмады, олар үйлеріне жіберілді. Тағы бір бала педиатрия бөліміне жатқызылды, оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Баланың ауруханаға түскен кезде әлсіздік пен бас айналу секілді шағымдары болды, осыған байланысты ауруханаға жатқызылды", - деп хабарлады басқарма.

Еске салайық, осыған дейін Ақтауда екі бала қандалаға қарсы дәріден уланып, көз жұмғанын жазған болатынбыз. Тағы 2 бала ауруханаға түсті. Мамандар эпидемиологиялық тексеру жүргізіп, пәтер иесі қандалаға қарсы дәрі себу кезінде шығу тегі белгісіз дәріні қолданғанын мәлімдеді. Күні кеше қандалаға қарсы дәріден уланған 2 бала ауруханадан шықты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу