Ақтауда он бестегі бала әйелді көлікпен үш рет басқан

731

Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып отыр.

Ақтауда он бестегі бала әйелді көлікпен үш рет басқан

Ақтауда 15 жасар жеткіншек 58 жастағы әйелді көлікпен үш рет басып өтеді. Қазіргі күні зардап шеккен әйелдің қызы анасын әдейі басып кеткен бала жазаланбай қалады деп қорқып отыр.

Оқиға 11 қыркүйек күні түс мезгілінде болған. Әйел "Volkswagen Jetta" маркалы автокөлігінде отырған балаға ескерту жасайды. Ол масаң күйде екен, әрі маңайда басқа көліктер тұрса да рульде өзін өрескел ұстапты. Ескертуге шамданып қалған жасөспірім әйелді қасақана үш рет машинамен басып өтеді. Соңғысында зардап шегуші көліктің астында қалған. Абырой болғанда, сол маңайда жүрген бейтаныс жігіт оның қолынан рульді жұлып алып, өзі көлікке отырып, кері шегінеді. 

"Жүргізушінің үстінен ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 610 бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ, әйелдің де көшені рұқсат етілмеген жерден кесіп өткені анықталды", - деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен. 

Алайда, жарақат алған әйелдің қызы Майина Агалорова тергеудің жүру барысымен келіспеуде. Оның айтуынша, бұл дерекке байланысты әкімшілік емес, қылмыстық іс қозғалуы керек еді. Кәмелетке толмаған балаға көліктің кілтін берген өгей әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалған, дегенмен, Майина баланы да жауапкершілікке тарту қажет деген пікірде. 

"Оның анасы жол-көлік оқиғасы болған жерге жүгіріп келгенде баласының бар-жоғы он бес жаста екенін, оған ештеңе де болмайтынын айтып айқайлаған. Оның кәмелетке толуына әлі үш жыл бар екен, мына түрімен бұл бала тағы қанша адамды мүгедек қылмақ?!",  – деп таусылады М.Агалорова.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу