Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды және арнайы салық режимдерін әкімшілендіру департаментінің директоры Нұржан Қуандықов айтты.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді.
Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі мақсаты:
- жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетіктерін құру;
- әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру;
- сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.
Осылайша, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап "кіру" декларациясын мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары – шамамен 580 мың жеке тұлға тапсырған.
Екінші кезеңде, 2023 жылы, квазимемлекеттік сектордың мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары - шамамен 2,1 млн адамды құрады.
Үшінші кезеңде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлердің басшылары, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыбы) тапсырады. Шамамен 3,9 млн адам жоспарланған.
Төртінші кезеңде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың басқа санаттары (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және т.б.) тапсыратын болады. Бұл - 6,9 млн адам.
2025 жылы 13 млн-нан астам жеке тұлғаны қамту жоспарлануда.
Келесі жылы бизнесмендер жеке мүліктерін жариялауы керек. Бұл жеке кәсіпкерлер, бірінші басшылар, құрылтайшылар, заңды тұлғалардың қатысушылары.
"Жұмыс істемей тұрған және жұмысын тоқтатқан кәсіпкерлер де декларация тапсыруы керек. Алайда, филиалдар мен өкілдіктердің басшылары заңды тұлға болып табылмайтындықтан, декларация тапсыруға міндетті емес", – деді спикер.
Кейіннен, жыл сайын, күнтізбелік жыл ішінде алынған кірістер, мүлікті Қазақстанда да, одан тыс жерлерде де сатып алу немесе иеліктен шығару туралы мәліметтерді, сондай-ақ оларды сатып алу шығындарын жабу көздерін көрсететін кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00 нысаны) ұсынылады.