Ақтөбе облысында жол апатында зардап шеккен тағы бір адам қайтыс болды

561

Дәрігерлер Самара-Шымкент трассасында болған көлік апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты.

Ақтөбе облысында жол апатында зардап шеккен тағы бір адам қайтыс болды Фото: Ақтөбе ПД

"Ларгус" автокөлігінде болған төрт жолаушы Қобда аудандық ауруханасына жеткізілген болатын. Алайда, 27 жастағы әйел аудандық ауруханада жан тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Оған бас миының ауыр жарақаты, миына қан құйылуы, қабырғалары, оң жақ жамбастың сынуы, травматикалық шок, есінен тану диагнозы қойылған еді. Қалған үш пациент бүгін Ақтөбедегі облыстық жедел жәрдем ауруханасына жеткізіледі.

"46 жастағы әйел адамның жабық бас-ми жарақаты, миы шайқалып, оң жақ иығы сынған. 27 жастағы көлік жүргізушісіне де жабық бас-ми жарақаты, оң жақ иығының жарақаты, тобықтың ашық жарақаты диагнозы қойылды. 27 жастағы тағы бір пациентте де жабық бас-ми жарақаты, сол жақ иығы сынған",- деді Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Естеріңізге салсақ, 1 маусымда Самара-Шымкент автожолы Өтек ауылының маңында "Лада Ларгус" автокөлігінің жүргізушісі "DAF" жүк көлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан "Лада Ларгус" автокөлігінің үш жолаушысы оқиға орнында қайтыс болып, төртеуі түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жатқызылған еді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу