Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаеваға қатысты іс Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған аудараралық сотында қаралып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құқық бұзушы Ләззат Бердібаева ауылдағы ақсақалдар кеңесі, жергілікті қоғамдық кеңес, мектеп директоры мен оқушы қыздарының сынып жетекшілерінен қолдау хат әкелді. Мұғалжар аудандық полиция бөлімі ювеналды полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы Дүйсенбаевтің сөзінше, 21 сәуір күні сағат 15:30 шамасында Қандыағаш-Жұрын тасжолының жиегінде Л.Бердібаева өз отбасымен бірге табиғат аясында демалысын өткізген. Сол кезде кәмелет жасқа толмаған қыздары 10-15 тал қызғалдақ жұлып, анасына сыйлаған. Ал құқық бұзушы Л.Бердібаева кәмелет жасқа толмаған қыздарына гүлді жұлуға болмайтынын ескертіп айтпаған, балаларын қадағаламаған. Сол үшін де хаттама толтырып, іс сотқа түсіп тұр. Инспектор айғақ заттардың болмауына байланысты қылмыстық іс қозғалмағанын айтты. Алайда Ләззат Бердібаева хаттамамен келіспеді.
"Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127 бабы 1 бөлімі туралы хаттамамен келіспеймін. Себебі полиция қызметкері 21 сәуір деп айтты. Бұл 19 сәуір күні болған еді. 19 сәуір – сенбі. Демалыс уақытын отбасыммен өткізу мақсатында сағат шамамен 15:30-да табиғат аясына шықтым. Қандыағаш-Жұрын тасжол бағытынан алыстамай жол жиегіне тоқтап, отырмақшы болдық. Жол бойында ешқандай ескерту, ақпараттық тақта немесе қорғау белгісі орнатылмаған. Айналамызда сиыр, жылқы жайылып жүрді.
Жайылым жерге тоқтап, бәріміз көліктен түстік. Мен алып келген тағамдарымды шығарып, дастархан жаямын дегенше 5-4 минут уақыт өтті. 8 және 6 жастағы қыздарым "маматай, мынау сізге" деп шамамен 10-15 тал гүл жұлып сыйлады. Ойымда артық ештеңе жоқ. Аналық инстинктпен "балаларымның берген гүлі ғой" деп фотоға түстім және өзімнің WhatsApp статусыма салдым. Қыздарымның әрекеті табиғатқа зиян келтіру емес, анасына қуаныш сыйлау мақсатында еді", - деді ол сот отырысында.
Сонымен бірге гүл жұлуға болмайтынын ескерткен, ал хаттама толтырған полиция инспекторы жанында болмаған соң ол туралы білмейді деді.
"Балалардың әрекеттері табиғатты қасақана бүлдіруге бағытталмады. Олар мектепке барып жүрген тәртіпті, жауапты балалар. Бала тәрибесімен өзім де, жолдасым да айналысады. Заң мен тәртіпті сақтау менің азаматтық және қызметтік міндетім. 18 жыл мемлекеттік қызметте қызмет етіп келе жатырмын. Ешқашан теріс қылығым үшін жауапты болмадым. Бұл қызметке 2024 жылдың ақпан айында келдім. Затым әйел болса да ер азаматтармен қатар өз міндетімді адал атқарып жүрмін. Әкімдігімнен бұрын әйелмін, анамын. Әлеуметтік желіде жазылған пікірлер едәуір қысым болды. Депрессияға түсіп, айтарлықтай зиян келді", - деді ол сотта.
Ләззат Бердібаева іс материалдарында ешқандай сараптама қорытындысы жоқ екенін, фотодағы гүлдің ерекше қорғалатыны немесе Қызыл кітапқа енгізілгені туралы дәлел болмағанын алға тартты. Оқиға болған жер де ерекше қорғалатын аймаққа кірмейді.
"Іс материалдарында әкімшілік құқықбұзушылық құрамы бар екеніне дәлел болатын жеткілікті, обьективті факті көрсетілмеген. Менің әрекетімде әкімшілік заңбұзушылық болмағанын, кінәмнің дәлелденбегенін назарға алып, әкімшілік құқықбұзушылық бойынша істі тоқтатуыңызды сұраймын", - деді Л.Бердібаева.
Сотқа шақырылған Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Артур Қаңтарбаев гүлдің қызғалдақ екенін айтқанымен, қай түріне жататынын тек ғылыми зерттеу институттары анықтайтынын түсіндірді.
Оның айтуынша, Ақтөбеде үш түрлі қызғалдақ кездеседі. Әсіресе Шренка қызғалдағы бар. Дәл оқиға болған Мұғалжар ауданында қай түрі бар екенін де сотта айта алмады. Сот отырысы 15 маусым күні жалғасады.