Ақтөбеде лаңкестік әрекет жасағандарға сот үкім шығарды

955

Ақтөбеде лаңкестік әрекет жасағандарға сот үкім шығарды

Бүгін Ақтөбеде лаңкестік оқиғаға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Baq.kz.

Сотталушы Азамат Әбдірахманов 20 жылға, Айдос Жұбанов 22 жылға сотталды. Сотталушылар Ж. Қуанышбаев, Ә. Ақпанбетов, Б. Қуанышбаев, А. Таңатаров, А. Рахметов, А. Садихов, А. Ималиев өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Қылмысты жасырып қалған 18 сотталушы 2 жылдан 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыскерлерді жасырған Мирлан Ердауов 4 жылға сотталды. Ал Үсен Өтепов 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Өмір бойы түрмеге қамалғандар жазасын ерекше режимдегі колонияда өтейді. Сондай-ақ, мүлкі тәркіленеді.

Айта кетейік, 28 қараша күні сот үкімі шығатындығы бұған дейін хабарланды. Мемлекеттік айыптаушылар лаңкестік оқиғаға қатысып, қолына қару алған 9 сотталушының жетеуін өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

"Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаға байланысты қылмыстық іс бойынша сотталушылар соңғы сөзін айтты. Бірнеше қылмыстық құқықбұзушылық жасағандары үшін, оның ішінде террористік акт жасауға тікелей қатысқандары үшін айыпталған сотталушылар соңғы сөзінде жасаған қылмыстары үшін өкініп, соттан өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды сұрады. Сотталушылар Айдос Жұбанов пен Азамат Әбдірахманов соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Бұл сотталушылар – терроризм актісіне тікелей қатысқандар. Ал қылмыс туралы хабарламағандары және қылмысты жасырып қалғандары үшін айыпталған сотталушылар сотта өкініп, оларды бас бостандығынан айырмауды сұрады. Бұл жерде қылмысты жасырған Рустам Гацаев тағылған айыптар бойынша оны ақтауды сұрады", – деген болатын Илиада Досова.

Мемлекеттік айыптаушылар біле тұра ақпарат бермеген 18 сотталушыны айыпты деп танып, 13-ін 6 жылға, төртеуін 4 жылға, біреуін 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал қылмыскерлерді жасырып, пәтер жалдап берген Мирлан Ердауовты 4 жылға бас бостандығынан айыру, Үсен Өтеповке 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу