Ақтөбеде оқушыларды жарысқа апара жатып, көлігін аударып алған жүргізуші сотталды

486

Жол апаты өткен жылы желтоқсан айында болған еді.

Ақтөбеде оқушыларды жарысқа апара жатып, көлігін аударып алған жүргізуші сотталды Фото: inbusiness.kz

Темір ауданының 9 оқушысы Ақтөбеде өтетін волейбол жарысына келе жатқан. Көлік аударылып, 7-сынып оқушысы жол апаты болған жерде тіл тартпастан көз жұмды. 

Жеңіл көліктің тізгінінде Темір аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болған. Көлік апатынан 2 балаға орташа ауыр дәрежеде , 4 бала ауыр дәрежедегі жарақат алды. Ал балаларды жарысқа бастап бара жатқан жаттықтырушы ес-түссіз жатыр. Тергеу материалдарында көрсетілгендей, 33 жастағы ер адамға  абайсызда адамның өліміне әкеп соқтырған жол жүру ережесін бұзды деген айып тиағылды. Соттың үкімімен, оған екі жыл алты айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 

"Жолда жүргізуші жол қауіпсіздігін сақтамай, шаршап-шалдығып,  автокөлікті басқаруды игере алмай, жолдың қарама-қарсы бағыттағы кюветке шығып,  көлік екі рет аударылған. Сотталушының кінәсі сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамасымен және сот отырысында зерттелген басқа да дәлелдемелердің жиынтығымен расталады. Сот қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде шынайы өкінуін, жәбірленушілердің кешірім беруін және бұрын сотталмағанын  таныды", деді облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Мираш Жүгінісова.

Соттың үкімімен спорт мектебі директорының орынбасары бес жылға көлік жүргізу құқығынан айрылды. Одан бөлек жаттықтырушының  пайдасына 5 миллион теңге моральдық зиян өндірілді.

Сотталушының әйелі үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу