Ақтөбенің "Алтын адамын" тамашалауға келгендер санында шек болмады

684

Ақтөбеде "Музей түніне" мыңдаған адам келді. Халықаралық мұражай күніндегі шараларға Ақтөбенің облыстық өлкетану мұражайы ауқымды дайындалған.

Ақтөбенің "Алтын адамын" тамашалауға келгендер санында шек болмады Фото: inbusiness.kz

Келушілердің саны көп болғаны сонша, ине шаншар орын болмады.

Халық "Тарих және тұлға", "Қазақ хандығы", "Ерлік пен даңқ", "Этнография", "Тәуелсіздік жолымен",  "Археология" залдарындағы экпонаттармен танысуға мүмкіндік алды.

Көптің назарын өзіне аударған құнды экспонаттардың бірі – "Тасқопа" елді мекенінің маңынан табылған сармат көсемінің реконструкциясы.

Бұл- еліміздегі сегізінші "Алтын адам". Ғалымдар зерттей келе Ақтөбе облысы Темір ауданының Тасқопа елді-мекенінің маңынан табылған қорым б.з.д. V ғасырға, ал  алтын киіммен жерленген сармат көсемі екенін айтты. Сақталған белдігі, қорамсабы, қылышы мен жебесіне сүйене отырып, "Алтын адамның" бейнесі нақтылады. Мүсіннің суретші-реставраторы Болат Атыраубаев оны қалпына келтіріп, сармат көсемінің образын дайындауға бір жыл уақыт жұмсағандарын айтты. Реконструкциялау кезінде төрт жарым мыңға жуық алтын жалатылған бөлекштерді қолданған.

- Он шақты адам жұмыс істедік. Киімі қандай болады, дене бітімі, мінез-құлқын барлығын зерттедік. Бұрынғы жеті "алтын адамға" қарағанда ерекше болуы керек деген мақсат қойдым. Ә.Марғұлан атындағы археология институтымен бірігіп, Санкт-Петербургтағы "Кунсткамера" мұражайының халықаралық сарапшысы  келіп, ақылдасып бір жыл жұмыс істедік. Қорытындысында  тарихи тұлғаның отырған бейнесін жасаймыз деген шешімге келдік. 

Киімдеріне келсек, көйлегі,  бас киімі, аяқ киімі  барлығы былғарыдан қолмен тіктік. Табиғи бояумен боялған дүниелер. Ал үстіндегі фрагменттер  жоғары сынамалы алтын жалатылған. Түпнұсқадағыдан айырмасы жоқ,- деді Болат Атыраубаев.

Мұражайды түнде тамашалауға келгендер арасында Ақтөбеге қонақ болып келгендер де жүр екен. Оларға әсіресе, осы өңірден шыққан тарихи тұлғаларға арналған залда көбірек аялдады. Өңірдің тарихынан сыр шертетін экспонаттардың арасында қазақтан шыққан тұңғыш балерина Нұрсұлу Тапалованың пуанты, таққан әшекей бұйымдары, тұтынған заттары да бар.

Ал мынау-  ақын Нұрпейіс Байғаниннің шапаны.

Келушілер тек құнды жәдігерлерді тамашалап ғана қойған жоқ, олар қолөнер шеберлерінен текемет тоқу, зергерлік әшекейдерді соғу, қышпен жұмыс жасауға  мүмкіндік алды.

Сәңқой бойжеткендер ақтөбелік дизайнерлердің соңғы сән үлгілерімен танысты.

"Музей түні" сағат түнгі екіге дейін жалғасты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу