Негізінен көпшілікті аталған қаржының қайда кететіні көп алаңдатады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстанда жыл сайын ақылы жолдардың саны да артып жатыр. Көлік министрлігі өкілі Ғабит Шымырбаевтың сөзінше, жолдың барлығы – мемлекеттікі. Пайда да ел қазынасына түседі.
– Бізде "QazAvtoJol" ұлттық операторы бар. Жол пайдаланушыларынан түскен қаражаттың барлығы сол ұлттық компанияның арнайы есепшотына түседі. Жолдардың бәрі – мемлекет меншігі. Одан түскен қаражат та 100% Үкіметке тиесілі. Ұлттық оператор ол қаржыны жолды күтіп-ұстауға, қажетті техникаларды алуға немесе басқа да шығындарға жұмсап отырады. Одан басқа нәрсеге жаратылмайды, – дейді ол.
Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы былтыр ақылы жолдан қазынаға 48 млрд теңге түскенін атап өтті.
– Бұл қаражаттың 70%-ы ақылы жолдарды нормативке сәйкес күтіп-ұстауға жұмсалды. Ол жолдарды күтіп-ұстауға қыстыгүні қар шығаратын, жазда жолдағы қоқысты тазалайтын техника қажет. Қалған 30%-ына қажеттілікке байланысты осындай техникалар сатып алынды. Биыл қосымша 4 мың шақырымға жуық ақылы жол енгіземіз. Олардың жалпы ұзындығын 7 мың шақырымға дейін жеткізу жоспарланып отыр, – деп сөзін жалғады Ғабит Шымырбаев.
Жалпы, Көлік министрлігінің биылғы жоспарына сәйкес, ақылы жолдан түсетін ақша 60 миллиардқа жетеді. Сондай-ақ, "келер жылы 100 миллиард теңге жиналуы ықтимал" деген болжам да жоқ емес. Ғабит Шымырбаев қазіргі уақытта ақшаның жоғарыда атап өткен екі жайттан артылмай тұрғанын жеткізді. Егер қаражат артылса, жол салуға бағытталмақ.
– Әзірге ақылы жолдардан түскен қаржы тек жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарына ғана жетіп жатыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қаражат кезең-кезеңімен жұмсалады. 1-кезекте жолды күтіп-ұстауға, 2- кезекте техника алуға, егер де осы екі шығыннан қаражат артылып жатса, жаңа жолдар салуды жоспарлап отырмыз, – дейді ол.