Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
БАҚ-тың жазуынша, сағат 10:00-де өтуі тиіс сот отырысы 45 минутқа кешігіп басталған. Себебі куәлардың бірі сотқа онлайн режимде қосыла алмаған.
Сот процесінде жол апатынан қаза тапқан 2005 жылғы бойжеткеннің анасы сөйледі. Оның айтуынша, қайғылы жағдай туралы 21 наурыз күні таңғы сағат тоғыздар шамасында естіген.
"Мен мәйітханаға бардым. Оның туған анасымын. Ешқандай шағымым жоқ. Барлығы заңға сәйкес соттың шешімімен болсын", – деді ол.
Марқұмның анасы өз қолымен өтініш жазғанын да айтты. Ол сотталушыға талап қоймайтынын жеткізді. Сот отырысында өтініш оқылды.
"Жол-көлік оқиғасының ауыр салдарына және қызымның қаза тапқанына қарамастан, мен және менің жақын туыстарым А.П.-ны кешіреміз әрі бітімге келдік. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінетінін айтты, кешірім сұрап, келтірілген материалдық шығынды және моральдық зиянды толық өтеді, мұны растаймыз. Қазір менің және басқа туыстарымның А.П.-ға қатысты ешқандай материалдық немесе моральдық талабы жоқ. Алдағы уақытта да мұндай талап болмайтынын растаймыз. Татуласу ерікті түрде жүзеге асты, салдары туралы бізге түсіндірілді. Шешім саналы түрде қабылданды", – делінген өтініште.
Тиісті өтініш қылмыстық іске тіркелді.
Айта кету керек, бұған дейін әл-Фарабидегі жол апаты бойынша істе марқұмдардың туыстары айыпталушыға кешірім бергенін жазғанбыз.