Өткен жылы Алакөлге 450 мыңға жуық турист демалуға келген. Оларға шамамен 1,56 млн теңгенің қызметі көрсетіліпті. Биыл бұл сан еселене түседі деп күтілуде. Алайда, Алакөл ауданының тұрғыдары көлдің оңтүстік-шығыс жағажайына жақын орналасқан ауылдар мен туристік нысандарды су шайып кетуінен қауіптеніп, дабыл қаға бастады.
"Бүгінде Алакөлдың жағасынағы 120-ға жуық демалыс үйі, демалыс аймағы, пансионат, қонақүй және туристік кешендер бір күнде 4500 адамға қызмет көрсете алады. Бұл мүмкіндікті одан ары жақсарту үшін облыстық туризм басқармасы ҚР туризм саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамаларын бекіту туралы №508 қаулысына сәйкес, 2015 – 2017 жылдар аралығында Ақши ауылының көл жағалауында 3 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, "Falkon Petrolium" ЖШС-нің және "Аквамарин ресорт" пен Ж/К Д. Каримовтың көп салалы демалыс орындары бой көтеруде, – дейді Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев тұрғындармен есепті кездесуінде.
Көл бойындағы көпсалалы демалыс орындарымен қатар өзге де туристік мақсаттағы нысандар құрылысы ойдағыдай жүзеге асып жатқаны көрініп тұр. 2015 жылы Алматы – Жетіген – Достық бағытында туристік пойызын жүргізу жоспары бекітіліп, сол жылы туристерге арналған пойыз аталған бағытта аптасына 6 вагонмен 3 рет қатынап, 5 мыңнан астам туристі көл бойына жеткізіпті. Өткен жылы Бескөл – Ақши – Көктума бағытында жоғары кернеулі электр желісі іске қосылып, 23,7 шақырым жол жөнделіпті. Оған облыстық бюджеттен 2,94 млрд. теңге қаржы бөлінгені белгілі.
"Халықтың әл-ауқатының артуына байланысты Алакөлге күре жол, теміржол, әуежолымен де келетіндер көбейе түсті. Сондықтан 2015 жылғы "Авиакомпания "Жетісу" АҚ-на Үшарал қаласының әуежайы құрылысын жүргізу және қызмет көрсету үшін 49 жылға уақытша пайдалану құқығымен 3 гектар жер телімі бөлінді. Туристерді сапалы интернет жүйесімен қамтамасыз ету үшін Достық ауылынан 1 базалық интернет стансысын орнатып, желіде байланысуды жеңілдеттік. Алдағы уақытта Үшарал қаласы, Ақши және Көктұма ауылына базалық интернет стансысын орнату жоспары қарастырылуда", – деді аудан әкімі.
Тіпті, 2008 жылы Алматы облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша, көл жағалауын бекітетін 3 шақырым бөгет құрылысын салу объектісінің сметалық-жобалық құны дайындалғанын білеміз. Десе де, шешімін күткен мәселелер шаш етектен.
"Жыл өткен сайын көл суы жағалауды шайып, жағажайдағы үйлер мен туристік нысандарға жақындап келеді. Алдын алу шарасы қарастырылмаса енді бірнеше жылда жағалаудағы екі ауылмен қоса, жүздеген туристік нысан көл суының астында қалу әбден мүмкін", – дейді "Жібек жолы" ЖШС-нің басшысы Бәзіл Ахметжанов. Оның уәжіне аудан басшысы: "Іс аудан және облыс әкімдігінің үнемі бақылауында. Бірақ бірнеше он шақырымды алып жатқан көл жағасын толық тізгіндеуге ауданның немесе облыстың қуаты жетпейді. Ол үшін республикалық бюджеттен қаржы қарастырылуы керек. Бұл жайында Үкіметке ұсынысымызды білдірдік", – деп жауап берді.