Алексей Цой жаңа жылжымалы ПТР-зертханалардың жұмысымен танысты

475

Министр иммунобиологиялық препараттардың өндірістік базасын кеңейту үшін ұсыныстар енгізуді тапсырды. 

Алексей Цой жаңа жылжымалы ПТР-зертханалардың жұмысымен танысты

Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық қызметті күшейту және COVID-19 індетін дер кезінде емдеу шаралары аясында төрт зертхана сатып алды. Олар  екінші деңгейлі биологиялық қорғаныс бокстарымен, қажетті медициналық құралдар жиынтығымен жабдықталған, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі. 

Айта кету керек, бұл зертханалар толығымен Қазақстанда құрастырылған. Көкшетауда орналасқан "КАМАЗ-Инжиниринг" компаниясында жылжымалы орталықтардың шассиі жасалса, зертханалық және қосалқы бөлшектермен Алматыда орналасқан "Тополь" компаниясы жабдықтаған.

Бұған дейін Ұлттық ғылыми орталықтың Жамбыл, Ақтау, Атырау өңірлік филиалдарына осыған ұқсас үш зертхана жіберілген болатын.

"Коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы тестілеу қуатын арттыруды тапсырды. Қазіргі уақытта елімізде зертханалық тестілеудің қуаты тәулігіне 48 мың тестке дейін жеткізілді. Аймақтарға жабдықтар жеткізу және  осындай жылжымалы зертханалар сатып алу есебінен біз тестілеу қуатын тәулігіне 63 мың зерттеуге дейін арттыра аламыз", – деді Денсаулық сақтау министрі.

Сонымен қатар Алексек Цой Алматыға іс-сапары барысында М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы мамандарымен кездесті. Жиында Қазақстан Республикасының биоқауіпсіздік және халықты биоқорғау саясатын дамыту мәселелері талқыланды. COVID-19 өршуі мүмкін деген ақпарат түскен күннен бастап Ұлттық ғылыми орталық профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шара әзірлеуге кіріскен. 2020 жылдың ақпан айында мекеме базасында  ПТР тест-жүйесі әзірленді және қазіргі уақытта ҚР медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімінде тіркелген. Орталық жылына 200 мың зерттеуге арналған тест жүйесін шығара алады.

Қазір орталық Қазақ ұлттық аграрлық университетімен ынтымақтастықта COVID-19-ға қарсы нано-эмульсиялық адъювант негізінде нано-вакцина мен суббірлікті вакцинаны әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізілуде.

Жалпы сапар қорытындысы бойынша министр иммунобиологиялық препараттардың өндірістік базасын кеңейту үшін ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сондай-ақ халықаралық тренинг орталығында аса қауіпті инфекциялар бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарын ашу қажеттігін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу