Әлем халқының шамамен 10%-ның коронавирусқа қарсы антиденесі бар, ал вакцинация ұжымдық иммунитетке қол жеткізудің жалғыз тәсілі болып табылады, деп хабарлайды Inbusiness.kz порталы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына сілтеме жасап.
Ұйым өкілі Сумия Сваминатанның айтуынша, ДДСҰ әлемнің бірқатар қаласындағы инфекция ошағын талдауға бағытталған зерттеулерді бақылап отыр. Ол қала халқының жартысының дерлік вирусқа қарсы антиденесі болса да, ұжымдық иммунитет қалыптасты деп айтудың ерте екенін жариялады.
"ДДҰ эпидемияға қатысты зерттеулерді қадағалап отыр. Олардың саны 500-ге жетті. Оның қорытындысына сүйенсек, әлем халқының 10%-да осы вирусқа қарсы антидене бар", – деді Сваминатан.
Соңғы дерек бойынша, әлемде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 114 миллионнан, қайтыс болғандардың саны 2,53 миллионнан асқан. 64,4 миллион адам аурудан айыққан.
Табиғат Нұрболат