Әлемде алдағы 5 жылда медбике тапшылығы туындайды

273

12 мамыр – медбикелер күні.

Әлемде алдағы 5 жылда медбике тапшылығы туындайды Фото: tech.onliner.by

12 мамыр Қазақстанда және бүкіл әлемде Халықаралық мейіргер күні – 141 елдің мейіргерлер қауымдастығын біріктіретін кәсіби мереке атап өтілуде, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Медбикелер күнін белгілеу туралы мәселе алғаш рет 1953 жылы жаһандық деңгейде көтерілген. Тек 12 жыл өткен соң дүниежүзі бойынша медбикелер күні ресми түрде бекітілді.

1974 жылы медбикелердің Халықаралық кеңесі аталған мерекені мамырдың 12-сі күні тойлауды ұсынды. Себебі, дәл осы күні медбикелер қызметінің негізін қалаушылардың бірі Флоренс Найтингейл өмірге келген.

Ол XX ғасырдың басында Ұлыбританияның медицинасын түбегейлі өзгертіп, медбикелер қызметінің ашылуына себеп болған. Сол кезеңнен бері медбикелер өздеріне жүктелген міндеттерді адал атқарып келеді.

"Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 190 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері, олардың 146 мыңнан астамы – мейіргер жұмыс істейді, ал ауылдық жерлерде шамамен 55 мың маман еңбек етуде. Соңғы жылдары еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде мейіргерлердің рөлі едәуір артты. Қызмет аясын кеңейту және өкілеттіктерді беру арқылы мейіргерлер медициналық көмекті командалық үлгіде көрсету жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды", делінген ҚР ДСМ таратқан ақпаратта. 

Бұл дәрігерлердің жүктемесін азайтуға, пациенттер ағынын тиімді үйлестіруге, сондай-ақ медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Бүгінде кеңейтілген практика мейіргерлері өз бетінше келесі қызметтерді атқарады:

  • пациенттерді бастапқы қабылдау және динамикалық бақылау;
  • медициналық құжаттар мен электрондық жазбаларды жүргізу;
  • дәрігердің тағайындауы бойынша ақпараттық жүйелер арқылы тегін рецепт жазу;
  • пациенттер ағынын реттеу және сұрыптау, қабылдауға жазу;
  • активтерді тіркеу және тұрғындарды МСАК ұйымдарына тіркеу.

Мейіргерлердің жауапкершілік саласына сонымен қатар:

  • диспансерлік есептегі пациенттермен жұмыс;
  • созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы және әмбебап-прогрессивті патронаж моделі шеңберінде консультация беру, оқыту және патронаж;
  • вакцинациялау мен скринингтерді қоса алғанда профилактика шаралары;
  • медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейдегі халықтың денсаулығын нығайтуға қатысу жатады.

"Денсаулық сақтау министрлігі мамандарды даярлаудың сатылы жүйесін енгізді: стандартты деңгейден бастап мамандардың құзыреттеріне қойылатын талаптарға сәйкес келетін "бакалавриат – магистратура – докторантура" академиялық дәрежелеріне дейін. Қазақстанда мейіргерлерді 94 медициналық колледж даярлайды, оның ішінде 22-сі – мемлекеттік, 72-сі – жекеменшік. Олардың 39-ы – жоғары медициналық колледж мәртебесіне ие", - делінген министрлік таратқан мәліметте. 

Жыл сайын елімізде 23 мыңнан астам жалпы бейінді маман даярланады, ал соңғы алты жылдың ішінде қолданбалы бакалавриат дипломы бар 20 мыңнан астам мейіргер денсаулық сақтау мекемелеріне жұмысқа орналастырылды. Мейіргер ісін дамыту жұмыстарын үйлестіру мақсатында еліміздің 20 өңірінде өңірлік үйлестірушілер тағайындалды. Олардың қатарында – практикалық денсаулық сақтау саласының, білім беру ұйымдарының және басқару органдарының өкілдері бар.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі барлық мейіргерлерге халықтың денсаулығын сақтау ісіне қосқан баға жетпес үлесі, біліктілігі, жанашырлығы мен адалдығы үшін шын жүректен алғыс білдіреді. Тек мейіргерлер ғана әрқашан пациенттің жанынан табылады, өмірдің ең қиын әрі жауапты сәттерінде қолдау көрсетеді.

Кәсіби мерекеге байланысты 14-16 мамыр күндері Түркістан қаласында "Мейіргер қызметінің инновациялары мен даму перспективалары" атты халықаралық форум және Қызылорда қаласында "ҚР-да тәуелсіз мейіргер ісінің ең үздік практикаларын енгізу" тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Әлемде алдағы 5 жылда медбике мамандығына сұраныс артады. Жаһанда 29 млн-нан астам медбике халыққа қызмет көрсетеді. Тағы 2,2 млн акушер бар. Жер шарындағы мейірбикелердің 80 %-ы халық тығыз қоныстанған аймақтарда жұмыс істейді. Олардың көбі – әйел. Жалпы медицина саласындағы қызметкерлердің 67%-ы осы қыз-келіншектердің үлесінде. Бірақ соның өзінде маман тапшы.

ДДСҰ келтірген мәліметке сүйенсек, 2030 жылға қарай жер шарында 4,5 млн медбике жетіспейтін болады. Әсіресе Африка, оңтүстік-шығыс Азия, Латын Америкасы мен шығыс Жерорта теңізі аймақтарында байқалады. 2025 жылы 29 млн медбике 2,2 млн акушер бар 2030 жылы 4,5 млн медбике 300 мың акушер жетіспейді

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу